Қазақстанда жалған ақша екі есе артты: Қалай алданбау керек?

Соңғы статистикалық мәліметтерге сәйкес, елімізде қолдан жасалған банкноттар айналымы күрт өскен. Осы орайда Ұлттық банк 2025 жылы анықталған жалған ақша белгілері туралы мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қолдан көп жасалғаны – номиналы 5 000 теңгелік банкнота – 174 дана. Анықталған жалған ақшалардың жалпы саны бойынша үлесі – 84,5%. Одан кейінгі орында номиналы 10 000 теңгелік банкнота тұр – 22 дана (10,7%). 2 000 теңгелік банкнотадан 6 дана (2,9%) анықталса, 20 000 теңгеліктен – 1 дана (0,5%), қалған 1,4% – монеталар, – деп хабарлады банктің баспасөз қызметі.
Ұлттық Банк шын ақшаны қолдан жасалған банкноталардан ажыратуға көмектесетін қарапайым ережелерді еске салады.
Жалған түрі Түпнұсқасы
Жалған банкнота әдетте жай ғана офсеттік қағаздан жасалады және компьютерлік техника мен түрлі түсті принтер қолданылады.

Жалған түрі Түпнұсқасы
Майда жазулар бұлдыр келеді және бірнеше есе үлкейткенде тану мүмкін емес.

Жалған түрі Түпнұсқасы
Қолдан жасалған банкнотада сутамғы белгісі болмайды.

Жалған түрі Түпнұсқасы
Патч элементінің көлемі анық емес, себебі ол жай ғана бояумен кескінделеді, сәуле таралғанда голографиялық әсері сезілмейді және номинал бейнесі ою-өрнекке ауыспайды.

Жалған түрі Түпнұсқасы
Қорғаныш жібінің динамикалық әрі түс ауыстыратын әсері жоқ, жарыққа тосқанда біртұтас емес.

Шынайы банкноталарды көзбен шолып қарағанда және ұстап көргенде оңай анықтауға болатын бірқатар қорғаныш белгісі бар. Оларды Ұлттық Банктің ресми сайтынан оқып білуге болады.
Қазақстан Ұлттық Банкі банкноталарды қолдан жасауға жол бермеу үшін тұрақты түрде жұмыс жүргізеді және қолма-қол ақшаны пайдаланғанда азаматтарды мұқият әрі сақ болуға шақырады.
Күмәнді, соның ішінде түр-түсі шынайы ақшаға ұқсайтын банкноталар кезіккен жағдайда дереу құқық қорғау органдарына хабар берген дұрыс.
Еске салайық, бұған дейін дүкендер ескі ақшаны қабылдамаса, не істеу керек екенін жазған болатынбыз.




