Ұлыбритания Елшілігінің қолдауымен 90 журналист арнайы жобаға қатысты

“Әділ Сөз” халықаралық қоры Solution Journalism Lab II жобасының нәтижелері мен болашақ бастамаларына арналған кездесу өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ұлыбритания Елшілігінің қаржылай қолдауымен өткен бұл жоба аясында еліміздің 19 өңірінен 90 журналист қоғамдық мәселелердің практикалық шешімдеріне бағытталған материалдар дайындады.

Solution Journalism Lab II жобасындағы 96 орынға 650-ден аса өтініш келіп түсті. Сондықтан өздеріңіз ұсынған тақырыппен іріктеуден өтіп, материалдарыңызды жасап шыққандарыңыз үшін әрбіріңізді жеңімпаз деп атауға болады, – деді қатысушыларға “Әділ Сөз” халықаралық қорының президенті Қарлығаш Жаманқұлова.

Ол сондай-ақ қордың Ұлыбритания Елшілігінен алатын қаражатының 95 пайызы жобаға салынатынын атады.

Біз алатын қаражаттың 95 пайызын осы жобаға бағыттаймыз. Кейбіреулер мұны тиімсіз стратегия, дұрыс емес шешім деп айтуы мүмкін. “Бұл қаражат құмға сіңгендей болады” дейтіндер де бар. Бірақ мен мұны дұрыс деп есептеймін. Өйткені келген қаражат сол мақсатқа жұмсалуы керек. Егер ол “құмға сіңеді” десек те, құмнан да гүл өсіп шығуы мүмкін. Сондықтан мен биылғы 90 адамды, өткен жылғы 45-тен сәл көбірек қатысушыны қосқанда, барлығы шамамен 150 жоба қатысушысын сол гүлдерге теңеймін, – деді ол.

Іс-шарада Кәсіби қоғамдастықты біріктірудің жаңа кезеңі ретінде Шешімдер журналистикасы қауымдастығын құру талқыланды. Сонымен қатар, жылдың негізгі нәтижелері мен үздік кейстері таныстырылды.

Айта кетейік, Solution Journalism Lab II жобасы аясындағы материалдардың арасында BAQ.KZ тілшісінің жұмысы ең көп қаралым жинаған еңбектің бірі болды.