Қазақстанда күзет қызметі мен қару айналымына бақылау күшейеді

Сенатта күзет қызметін жетілдіруге, қару айналымына және күштік құрылымдарға арналған тұрғын үй төлемдерін тәртіпке келтіруге бағытталған заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Заңдағы негізгі жаңашылдық – реттеуді неғұрлым икемді ету. Заңнан артық егжей-тегжейлі жазылған нормалар алынып тасталып, олар Үкімет актілері деңгейіне көшіріледі. Бұл реттеудің жеделдігін арттырып, басқаруды жеңілдетеді.
Заңның негізгі мақсаты күзет қызметін жүзеге асыратын субъектілердің қызметін жетілдіру, қару иелеріне қойылатын талаптарды күшейту, құқық қорғау органдарының, арнаулы мемлекеттік органдардың, азаматтық қорғау органдарының қызметкерлерін және әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету және тұрғын үй төлемдерін жүзеге асыру тәртібін жетілдіру, сондай-ақ Заңды шамадан тыс нақтылайтын нормаларды алып тастау және оларды Үкімет актілері деңгейіне ауыстыру, – деп түсіндірді сенатор Нұрлан Бекназаров.
Азаматтық және қызметтік қару иелеріне қойылатын талаптар күшейтіледі. Оның ішінде міндетті бақылау атылымын жүргізу және тиісті компаниялардың қызметі тоқтатылған жағдайда қаруды сақтауға тапсыру қарастырылған.
Күзет қызметі саласында міндетті есеп беру енгізіледі, жұмыс уақытша тоқтатылғанда және қайта жаңғыртылғанда хабарлама тәртібі белгіленеді. Сондай-ақ жеке күзет ұйымдарының басшылық құрамына ортақ талаптар енгізіледі.
Алғаш рет заңнамалық деңгейде теміржолдағы әскерилендірілген күзет қызметінің мәртебесі бекітіледі. Оған транзиттік теміржол тасымалдарына тартылған терминалдар аумағында жүк пен нысандарды күзету қызметін көрсету құқығы беріледі.
Сонымен қатар тұрғын үй төлемдерін беру тәртібі де жетілдіріледі: оларды реттеу бойынша өкілеттік Үкіметке беріледі, ал төлем алушылар үшін тұрғын үйді жалдау шарттарын міндетті түрде мемлекеттік тіркеу талабы алынып тасталады.




