Рекорд: Елдегі депозиттердің негізгі бөлігі 5 банкте жатыр

2025 жылғы қарашаның соңына қарай Қазақстандағы жеке тұлғалардың депозиттеріндегі қаражат көлемі 26,6 трлн теңгеге жетіп, жыл басынан бері 2 трлн теңгеге артты. Инфляция мен валюта бағамының құбылмалы жағдайына қарамастан, депозиттер қаражатты сақтаудың ең танымал құралдарының бірі болып қала беретінін ranking.kz сарапшылары атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2025 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша еліміздегі банктерде жеке тұлғалардың салымдары 8,3%-ға өсіп, 26,6 трлн теңгеге жетті. 23 банктің 14-і депозиттер көлемінің артқанын көрсетсе, тек 7 банкте ғана салым көлемі азайған.
Салымдардың 11 айдағы өсімі бойынша елдегі ірі банктер көш бастап тұр:
- Kaspi Bank – жыл басынан бері 453 млрд теңгеге (+7,4%) өсіп, 6,6 трлн теңгеге жетті;
- Halyk Bank – 366,2 млрд теңгеге (+5,2%) артып, 7,4 трлн теңге болды;
- Банк ЦентрКредит – 323,5 млрд теңгеге (+11%) өсіп, 3,1 трлн теңгеге жетті;
- Отбасы банк – 267,1 млрд теңгеге (+10,6%) артып, 2,8 трлн теңге болды;
- Freedom Bank – 215,6 млрд теңгеге (+36,8%) өсіп, 801,5 млрд теңгеге жетті.
Сарапшылардың айтуынша, жеке тұлғалардың депозиттері ұзақ уақыт бойы тұрақты өсім көрсетіп келеді. 2017 жылға дейін банк секторы белгілі бір тұрақсыздық кезеңін бастан өткергенімен, соңғы жылдары орнықты өсім траекториясына шыққан. Бір жылда салымдар 15,3%-ға, бес жылда 2,5 еседен астам, ал соңғы 10 жылда 4 еседен аса ұлғайған.
2025 жылғы өсім базалық мөлшерлеменің көтерілуі мен ақша-несие саясатының қатаюымен түсіндіріледі. Бұл депозиттер бойынша пайыздық мөлшерлемелердің өсуіне алып келіп, олар бақылау тарихындағы ең жоғары деңгейге жетті.
Сонымен қатар азаматтардың банк секторына деген сенімі нығая түсті. Ірі қаржы институттары жеке және заңды тұлғалар тарапынан жоғары сенімге ие. Бұған қаржылық көрсеткіштердің жақсаруы, халықаралық рейтинг агенттіктерінің жоғары бағалары және уәкілетті мемлекеттік органдардың бақылауы ықпал етуде.
Еске сала кетейік, 2025 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандық банктердегі депозиттердің жалпы көлемі 48 трлн теңгеге жетіп, бір жыл бұрынғы 41,28 трлн теңгемен салыстырғанда 16%-ға артты. Желтоқсан айында депозиттер көлемі бірден 3,5 трлн теңгеге, яғни 8%-ға өсіп, 2025 жылғы ең жоғары айлық өсім тіркелді.
Еске сала кетейік, “2026 жылы ақшаны қайда салған дұрыс?” деген сауалға экономистер тиімді жолдарды атаған болатын.




