Әзербайжан сарапшысы: Қазақстан реформалары өңірдегі тұрақтылықты күшейтеді

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың V отырысында жариялаған бастамалар елдегі саяси реформалардың жалғасы болды. Мұнда Парламенттің, қоғамдық институттардың рөлін күшейту және мемлекеттік басқару моделін өзгерту туралы сөз қозғалды. Бұл шешімдер Қазақстан ішінде ғана емес, шетелде де қызығушылық тудырып отыр. BAQ.KZ тілшісі әзербайжандық саяси сарапшы Эльхан Шахиноглудан осы өзгерістер Қазақстанның халықаралық беделіне қалай әсер ететіні және оның өңірлік саясаттағы орнын қалай айқындайтыны туралы пікір білдіруін сұрады.
“Атлас” саяси зерттеулер орталығының жетекшісі Эльхан Шахиноглу халықаралық шиеленіс пен қақтығыстар көбейіп отырған қазіргі жағдайда Қазақстан Еуразия мен Орталық Азиядағы тұрақтандырушы фактор ретінде көрініп отырғанын атап өтті.
Қазақстан көршілес елдермен, Ресей және Қытаймен, сондай-ақ Еуропалық одақ пен Америка Құрама Штаттарымен серіктестік қарым-қатынас қалыптастырды. Бұл байланыстар үшінші бір елдерге қарсы бағытталмаған, – деді сарапшы.
Оның айтуынша, сыртқы саясаттағы осындай ұстанымды Әзербайжан да ұстанып келеді: өзара мүддеге негізделген ынтымақтастық орнатып, ЕО мен АҚШ-пен бірлескен жобаларды іске асыруда. Шахиноглудың пікірінше, дәл осы себептен екі елдің сыртқы саясат және қауіпсіздік стратегиялары көп жағынан ұқсас.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың V отырысында жариялаған бастамаларға тоқталған сарапшы олардың жүйелі әрі қисынды екенін айтты.
Мемлекет басшысының Парламент пен қоғамдық институттардың рөлін күшейту жөніндегі ұсыныстары институционалдық реформаларды жалғастыру үшін маңызды. Қазіргі таңда кез келген мемлекеттің басты міндеті – заманауи сын-қатерлерге төтеп беру. Қазақстан дәл осы жолмен келе жатыр, – деді ол.
Шахиноглу Президенттің сөзіндегі экономикалық блокқа да назар аударып, елдің әрі қарайғы экономикалық дамуы мемлекеттік саясаттағы негізгі міндеттердің бірі болып қала беретінін атап өтті.
Әзербайжан көзқарасы
Сарапшының айтуынша, Әзербайжанда Қазақстанда жүзеге асып жатқан реформаларға мұқият көңіл бөлінеді. Өйткені қуатты әрі орнықты Қазақстан – бүкіл өңірдің стратегиялық мүддесіне сай.
Күшті әрі өзіне сенімді Қазақстан – Әзербайжанның және жалпы Оңтүстік Кавказдың өмірлік мүддесіне жауап береді. Біз бауырлас ел алға қойған мақсаттарына міндетті түрде жетеді деп сенеміз, – деді ол.
Сарапшы Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказдың барған сайын жақындасып келе жатқанын атап өтіп, Түркі одағы секілді бастамалар мен Орта дәлізді дамыту Баку мен Астана арасындағы стратегиялық әріптестікті күшейтіп отырғанын айтты.
Сондай-ақ ол Қазақстан Президентінің Әзербайжанды «5+1» форматына қосу туралы ұсынысын ерекше атап өтіп, бұл формат кейін «6+1»-ге дейін кеңейгенін жеткізді.
Екі палаталы парламенттің орнына біртұтас Халық жиналысы – Құрылтай құру бастамасына қатысты Шахиноглу бұл идеяны оң бағалады.
Референдумда Қазақстан халқы өз пікірін білдіреді. Әлеуметтік сауалнамалардың өзі біртұтас парламент идеясын қолдайтынын көрсетті, – деді ол.
Оның пікірінше, елдегі саяси және экономикалық реформалар өзара тығыз байланысты, ал өзгерістер объективті қажеттіліктен туындап отыр.
Сарапшы сондай-ақ партиялық тізім бойынша сайланатын бір палаталы парламент үлгісі әлемдік тәжірибеге сай келетінін атап өтті.
Қазіргі әлемде ұлттық парламенттердің жартысынан көбі бір палаталы форматта жұмыс істейді. Бұл заңдарды тезірек қабылдауға, әкімшілік шығындарды азайтуға және ашықтықты арттыруға мүмкіндік береді, – деді Шахиноглу.
Ол Әзербайжан Парламенті тәуелсіздік алғаннан бері бір палаталы жүйеде жұмыс істейтінін, елде вице-президент институты да барын еске салды. Сонымен қатар, оның айтуынша, Қазақстан мен Әзербайжан бір-бірінің саяси реформаларындағы жекелеген тетіктерді өз жағдайына бейімдеп, тәжірибе ретінде пайдалана алады.




