Қазақстаннан 30 елге 135 халықаралық әуе бағыты ашылған

Қазақстанда халықаралық әуе қатынастарының географиясы жыл сайын кеңейіп келеді. Бұл туралы Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палата отырысында Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, қазіргі таңда Қазақстаннан 30 елге 135 халықаралық бағыт бойынша рейстер орындалады. Аптасына барлығы 626-643 халықаралық рейс жүзеге асырылады. Ал 2019 жылы енгізілген Open Sky режимінен кейін жолаушылар ағыны шамамен 70 пайызға артқан, ал нарыққа 20-дан астам шетелдік авиакомпания келген.

Сонымен қатар елдегі әуе кемелері паркі де жыл сайын толықтырылып отыр. 2026 жылы Қазақстанға 9 жаңа әуе кемесі жеткізіледі деп жоспарланған. Алайда, Салтанат Томпиеваның айтуынша, бұл мәселе тек Қазақстанға ғана емес, бүкіл әлемге ортақ.

Пандемиядан кейін жолаушылар ағыны өте жылдам өсіп жатыр. Ал әуе кемелерін өндіруші ірі компаниялар сұранысты толық қамтамасыз етіп үлгермей отыр. Ұшақтарды жеткізу мерзімдері кешігуде, сондықтан тасымалдау сыйымдылығы шамамен 20 пайызға жетіспейді, – деді комитет төрағасы.

Бұған дейін Қазақстаннан АҚШ-қа тікелей әуе рейстері ашылатыны хабарланған болатын. ҚР Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті аталған әуе қатынасын іске қосу бағытында авиациялық қауіпсіздік жүйесін күшейту жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.