Қазақстанда шетелдік студенттер саны 2029 жылға қарай 100 мыңға жетуі мүмкін

Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстандағы шетелдік студенттер саны мен оларды тарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, бүгінде елімізде 35 мыңға жуық шетелдік студент білім алып жатыр. Ал 2029 жылға қарай бұл көрсеткішті 100 мың адамға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.
Вице-министрдің мәліметінше, Азия елдерінен келген студенттер саны алғаш рет ТМД мемлекеттерінен келген студенттер санынан асып түскен. Бұл Қазақстанның білім беру жүйесіне деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді.
Шетелдік студенттерді тарту мақсатында елімізде «Study in Kazakhstan» ақпараттық науқаны іске асырылып жатыр. Оның аясында халықаралық білім көрмелері мен форумлар ұйымдастырылып келеді. 2025 жылы бұл көрмелер Ұлыбританияда, Әзербайжанда, Пәкістанда және Қытай Халық Республикасында өткен. Ал 2026 жылы Вьетнам, Үндістан, Индонезия, Біріккен Араб Әмірліктері, Катар, Түркия, Қытай, Моңғолия, Марокко және өзге де елдерде өткізу жоспарланған, – деді Көбенова брифингте.
Сонымен қатар шетелдік студенттердің қызығушылығының артуына байланысты биылғы ақпан айынан бастап «Study in Kazakhstan» цифрлық платформасын іске қосу көзделіп отыр. Платформада Қазақстанның жоғары білім беру жүйесі, оқу ақысы, виза рәсімдеу тәртібі және оқуға түсу талаптары туралы толық ақпарат қолжетімді болады.
Бұдан бөлек, пайдаланушылар университеттерді, білім беру бағдарламаларын, курстар мен бағыттарды іздеу және сүзу мүмкіндігіне ие болады. Шетелдік талапкерлердің оқуға өтінімдері де осы платформа арқылы қабылданады.




