Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев «Декретке миллионмен» сабағына қатысты пікір білдірді. 2023 жылға дейін «Декретке миллионмен» сабағымда бар нәрсені түсіндіргеніме кейбір адамнан ғайбат естіп жатырмын. Олар сабағыма 100% қатыспағандар, — деді депутат.
Ол өзін кінәлағандарға босқа қараламауға шақырды. Мен egov.kz сайтындағы мәліметті қарапайым тілде түсіндірдім, — деп ресми мәліметтің сілтемесін қосты. Депутат egov.kz сайтында аталған мәселеге қатысты қандай формула көрсетілгенін атап өтті.
Тіпті бұл сайтта 1 млн теңге емес, заңды табысқа сай 2,5 млн теңге босанғанға дейінгі төлем алатын формуланы көрсеткен. Ал мен сабақтарымда осыны қарапайым тілмен түсіндіргенмен. 2 сағаттық видео сабағымда бір емес, 7 рет «өтірік ИП» ашпаңыздар деп ескерткенмін. Сабағыма қатысқандар не айтқанымның бәрін түсініп отыр. Заңды жұмыс істейсіз бе, заңды табысыңыз бар ма – декретке миллионмен шыға бересіз. Оған ешкім тосқауыл қойып жатқан жоқ, — деді Мұқаев.
Оның айтуынша, заңсыз әрекет еткендер арасында бір емес, 20-30 «ИП-да» жұмыс істейтінін көрсеткендер де бар көрінеді. Депутат олардың ойлары 30-40 млн теңге алу болғанын айтады. Еске сала кетейік, енді елімізде «декретке миллионмен» шыққандар қылмыстық жазаға тартылуы мүмкін.
