Қайтарымсыз грант: Биыл 200-ге жуық ұлытаулық жас кәсіпкерге қаржы берілді

 Биыл 195 ұлытаулық жас кәсіпкерге қайтарымсыз грант қаражаты берілді. Бұл туралы Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков Орталық коммуникациялар қызметінде мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Аймақ басшысының сөзінше, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының рейтингісіне сәйкес, Ұлытау облысы 2025 жылы шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысуға ең қолайлы өңір деп танылып, алғашқы орынға шықты.

Биыл өңірде жалпы сомасы 3 миллиард теңге болатын 75 жаңа кәсіпкерлік нысаны ашылды. Одан бөлек, әлемдік және отандық брендтердің франшизалары саны өсті. Аталған бағыттағы жұмыстар облыстың әлеуметтік және экономикалық әлеуетін арттырады, бұл бастамалар кезең-кезеңімен жалғасатын болады, – деді Дастан Рыспеков.

Облыс әкімі қазіргі кезде кәсіпкерлерге қолайлы орта жасау мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты.

Айрықша атап өтерлігі – Жезқазған қаласында 25 жылдан астам қараусыз, иесіз тұрған тоқыма фабрикасының ғимараты мемлекет меншігіне қайтарылып, кәсіпкерлерге қолайлы орта жасау үшін ауқымды жұмыстар қолға алынуда. Ғимарат жаңғыртылуда. Инвестиция көлемі 1 миллиард теңгені құрайды, – деді Рыспеков .