Зейнетақы жарналарын кім және қалай аударады

Көп адам міндетті зейнетақы жарналарын қалай және кім аударатынын білмей жатады. Қазақстанда бұл жүйе жұмыс істейтін формасына қарай өзгереді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры бұл рәсім қалай жүргізілетінін түсіндірді.
- Егер сіз жалдамалы жұмыспен айналыссаңыз, міндетті зейнетақы жарналары жұмыс беруші арқылы ай сайын сіздің табысыңыздан Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударылады.
- Егер сіз азаматтық-құқықтық шарт бойынша жұмыс істесеңіз, тапсырыс беруші салық агенті болса, ол жарналарды өзі аударады. Егер салық агенті болмаса, сіз жарналарды өз атыңызға өзіңіз аударуыңыз қажет. Мұны банктер немесе Қазпошта арқылы оңай жасауға болады.
- Жеке кәсіпкерлер өз жарналарын әр ай сайын өздері есептеп, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударады. Бұл сіздің болашақ зейнетақыңыздың мөлшеріне әсер ететін маңызды қадам.
Сонымен қатар қалауыңыз бойынша ерікті зейнетақы жарналарын да аудара аласыз. Бұл өз табысыңызды арттырудың қосымша мүмкіндігі. Төлемдерді мобильді қосымша немесе банк арқылы жасауға болады. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы шот алғашқы жарна аударылған сәтте автоматты түрде ашылады, яғни артық құжат тапсырудың қажеті жоқ.




