Атырауда 600 балаға арналған мектеп құрылысы бітпей жатыр

Атырау қаласы Көктем ықшам ауданындағы 600 балаға арналған жалғыз мектептің құрылысы бітпей жатыр. Мердігер компания өкілінің сөзінше, жұмысты тез аяқтауға қаржы мәселесі қолбайлау. Әкімдіктегілер ақшаны аудармаған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қала іргесіндегі Көктем ықшам ауданында 700-ден астам түтін бар. Бірақ бүгінге дейін ондағы жұрт бір мектепке зәру болып келеді. Жұрт оқушыларды көрші ықшам аудандар мен қаланың мектебіне тасиды. Сабылып шаршаған тұрғындар басталған мектеп құрылысын тез аяқтап берсін деп талап етуде.
Мен осы жерде 15 жылдан бері тұрамын. Көпбалалы анамын. Үлкен екі балам мектепті бітірді. Қалған кішкентай балаларымызды алысқа тасып әлі жүрміз. Мына мектептің тұрғанына неше жыл болды. Әлі аяқтай алмай жатыр құрылысын. Басшылардың бірі жоқ мына жерде. Қайда? Неге қарамайды? Осы уақытқа дейін күтіп келдік қой. Әлі неше жыл шыдау керек сонда. Басталғаннан кейін аяқталу керек қой ендігі құрылысы. 4-5 жыл болды. Көзімізге күйік болып тұр қазақша айтқанда. Осы жерде оқығанын қалаймыз баламыздың. Үйге жақын жерде, өзі барып келетіндей. Бірақ сыйқы осындай,-дейді Көктем ықшам ауданының тұрғыны Сәуле Әжіғалиева.
Ықшам аудан халқы осы проблеманы желеу етіп қанша рет жиналды. Шенділерге талап қойып, құрылысты жеделдетуді сұрады. Бұқара базынасын тыңдауға келген жергілікті атқарушы билік өкілі бос уәде беріп, әне-міне аяқтаймыз деумен келеді.
Менің көшіп келгеніме 4 жыл болды. Келген кезде мына мектеп осылай тұр еді. Әлі тұр міне. Жазда бір рет жиналдық осылай базынамызды айтайық деп. Ол кезде жауаптылар қазан айында қолданысқа береміз деп уәделерін беріп кетті. Одан бері әлі қосылмай жатыр ғой. Балаларымызды, немерелерімізді Ақсай, Ақжар, Геологқа тасимыз. Өте қиын болып тұр бізге. Сабақтан кешкі 21:00-де шығады балалар. Ол қандай білім?! Біз жақта сағат 20:00-ден кейін автобус жүрмейді. Тоқтап қалады қоғамдық көліктер. Амалдап жүрміз әйтеуір. Осындай қиындық көріп отырмыз. Тілегіміз бір, мына мектеп құрылысын аяқтап берсін,-дейді тұрғындардың бірі Жұмабай Бисенов.
2021 жылы басталған мектеп құрылысына ақтаулық компания жауапты екен. Бірақ жұмыстың сағызша созылуына мердігерлердің еш кінәсі жоқ көрінеді. Сөздерінше әкімдік ақша аудармай отыр. Осы уақытқа дейін қаралған қаржының 24 пайызын ғана жіберіпті. Бұған дейін төленеді деген үмітпен өздері қарызданып, тіпті несие алып, білім ошағын тапсыруға тырысқан. Дегенмен толық аяқтау қолдан келмепті.
Осы учаскеге жауапты маманмын. Тұрғындар мектеп қанша жылдан бері салынып жатыр дейді. Бірақ сол құрылыс басталғалы бері бізге бөлінген қаражат жалпы жоба құнының 24 пайызы ғана берілді. Бірақ біз осы ауыл халқына берген уәдемізді орындайық деп, қараша айында тапсырамыз дедік. Жазда құрылыс жобасы өзгерістен өтті. Сол кезде ақша бөлінеді деді. Бөлінген жоқ. Одан кейін маусым мен шілде деді. Ол кезде де берілмеді. Содан соң қарашада аударылады деді. Ол да түспеді. Біз де қазір тығырыққа тіреліп отырмыз. Біздің де, құрылыс компанияның банктен қарыз алып жасап жатқан жағдайымыз бар. Жұмыстың 95 пайызын аяқтап қойдық. Біздің енді іште аяқталмаған жұмыстар бар. Қаражат бөлінбегесін, ақсап тұрмыз,-дейді «ЕвроСтрой А» серіктестігінің өкілі Елдос Бармышев.
Ашынған халықпен кездесуге облыс әкімі де, құрылысқа жауапты орынбасары да, тіпті басқарма басшысы да келмеді. Басқармадағы маманды жіберген. Мән-жайды түсіндіруге тырысқанымен, халық әдеттегі жаттанды жауапты ғана естіді.
2022 жылы басталды негізі жұмыс. Оған 18 ай берілді. Қазір біз жобалық сметалық құжаттамасына өзгеріс енгізіп жатырмыз. Енгізілді, сараптамадан өтіп жатыр. Қараша айының соңына дейін қорытындысы шығады. Содан кейін біз мердігер компанияға ақша төлейтін боламыз. Құрылыс-монтаж жұмыстары бітіп тұр. Тек ішіне қажетті құрал-жабдықтары ғана қалды. Желтоқсан айында мектепті пайдалануға береміз. Осы айда беріледі деп айта алмаймын,-дейді Облыстық құрылыс басқармасының бөлім басшысы Дархан Тілепбергенов.
Әкімдіктегілер білім ордалары жыл соңына дейін тапсырылады деп сендірді. Шенділер уәдеде тұрмаса, нысан жұмысының тағы қанша уақытқа созылары белгісіз. Оған дейін ықшам аудан балалары алыс мектептерге сабылып, үш ауысыммен оқиды.
                			
                                        			



