Жаңа дизайндағы теңгеге қосымша қаражат жұмсалған жоқ – Ұлттық банк

Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов әлеуметтік желілерде теңге дизайнының жиі өзгеретіні жөнінде айтылған пікірлерге жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Теңгенің дизайны жиі өзгеріп жатқан жоқ. Тәуелсіздік алғаннан бері 32 жыл өтті, осы уақыт ішінде теңге дизайны бар болғаны үш рет өзгерді: алғашқы теңге, кейін 2010 жылдары және қазір, 2020 жылдары, – деді Сүлейменов.

Ол дизайнды жаңартудың басты себебі – қорғау деңгейін арттыру және ақша белгілерін заманауи талаптарға сай ету екенін атап өтті.

Алғашқы теңгелер мен қазіргі купюралардың қорғаныш қасиеттерін салыстыруға келмейді. Ол кезде біз жас мемлекет едік, мүмкіндіктер шектеулі болды. Қазір банкноттарды жаңарту – уақыт талабы, – деді ол.

Сонымен қатар Ұлттық банк басшысы жаңа дизайнды әзірлеуге ешқандай қосымша қаржы жұмсалмағанын айтты.

Бір теңге де сыртқы дизайнерлерге төленген жоқ. Барлық жұмыс Ұлттық банктің ішкі дизайнерлер тобының күшімен атқарылды. Олар біздің қызметкерлер, айлықтарын алады. Қалай болғанда да банкноттарды басып шығару қажет – ескі купюралар тозады, айналымнан шығарылады. Сондықтан жаңа дизайнға артық шығын кеткен жоқ, – деді Сүлейменов.