“300 мың теңгеге жетпейді”: Қазақстанда жұмыс берушілер қанша жалақы ұсынады

Қазақстанда жұмыс берушілер ұсынатын орташа жалақы 268 970 теңге. Бұл ел бойынша орташа еңбекақыдан бір жарым есе төмен, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Елдегі орташа номиналды жалақы бүгінде 448 620 теңге. Алайда бұл көрсеткіш барлық табыстардың орташа мәні ғана – оған ең жоғары және ең төмен жалақылар да кіреді.

HeadHunter сарапшыларының мәліметінше, ең жоғары табыс IT-саласында тіркелді, ол 776 830 теңге. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 164,6%-ға көп.

Келесі орында стратегия, инвестициялар және консалтинг саласы, 426 570 теңге (өсім 16%).

Үшінші орында автокөлік бизнесі – 388 425 теңге, өсім небәрі 3,6%.

Ал ең төмен жалақы қауіпсіздік қызметкерлеріне тиесілі, бар болғаны – 162 887 теңге.

Өңірлер бойынша айырмашылық үлкен

Өңірлер арасындағы жалақы айырмашылығы да айтарлықтай. Мәселен, Атырауда медианалық жалақы – 193 819 теңге, ал Астанада – 280 013 теңге. Алматыда бұл көрсеткіш 274 422 теңгені құрайды.

Жалпы алғанда, ел бойынша ұсынылған медианалық жалақы орташа деңгейден 1,6 есе аз, әрі өткен жылмен салыстырғанда 2,9%-ға төмендеген.

Салалар бойынша медианалық жалақы:

• IT – ₸776 830;
• Стратегия, инвестициялар, консалтинг – ₸426 570;
• Автокөлік бизнесі – ₸388 425;
• Маркетинг, жарнама, PR – ₸327 385;
• Ауыл шаруашылығы – ₸297 576;
• Қаржы, бухгалтерия – ₸280 029;
• Ғылым және білім беру – ₸228 486;
• Медицина, фармацевтика – ₸227 298;
• Қауіпсіздік – ₸162 887.

Осылайша, Қазақстанда вакансияларда көрсетілетін жалақылардың басым бөлігі айына 300 мың теңгеге жетпейді.

Бұған дейін Қазақстанда қай қалада жалақы артып, ал қай қалада азайғаны жайлы жаздық.