Астана әкімі қаладағы көлік кептелісін ЖИ көмегімен реттейтінін айтты

Бүгін Мәжілісте өткен «Қазақстанда жасанды интеллектіні дамыту» тақырыбындағы парламенттік тыңдау барысында Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек елордада цифрлық технологияларды, оның ішінде жасанды интеллектіні енгізу арқылы көлік, ТКШ және денсаулық сақтау салаларында қандай нақты жұмыстар атқарылып жатқанын баяндады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қала басшысы Астанада GoA-4 деңгейіндегі — машинистің қатысуынсыз жұмыс істейтін LRT пойыздарын басқару жүйесі енгізіліп жатқанын атап өтті. Бұл – әлемдік стандарттардағы ең жоғары автоматтандыру деңгейі.

Көлік саласында машинистің қатысуынсыз пойыздардың қозғалысын толықтай автоматты түрде басқаруды көздейтін GoA-4 деңгейіндегі LRT жүйесі құрылып жатыр, – деді Жеңіс Қасымбек.

Сондай-ақ, елорда көшелеріндегі көлік ағындарын болжау және модельдеу үшін Aimsun атты интеллектуалды жүйе енгізілуде. Бұл шешім машиналық оқыту алгоритмдеріне негізделген және көлік қозғалысын нақты деректер арқылы талдап, кептелістердің алдын алуға көмектеседі.

Aimsun жүйесі көлік ағындарын цифрлық модель негізінде оңтайландыруға мүмкіндік береді. Бұл – жолдағы жүктемені азайтудың жаңа жолы, – деді әкім.

Әкім ТКШ саласында да жасанды интеллект белсенді қолданылып жатқанын айтты. Қалалық қызметтерге келіп түсетін өтініштер нақты уақыт режимінде талданып, шұғыл әрекет ету жүйесі жолға қойылған.

Қоқыс шығару жүйесіне GPS-мониторинг пен фотофиксация құралдары орнатылып, оған интеллектуалды бақылау модульдері қосылды. Нәтижесінде, шағымдар саны 100 есеге қысқарған.

Рұқсат етілмеген қоқыс орындарына бақылау жүйесі толық автоматтандырылды. Бір жылдың ішінде тұрғындар тарапынан шағым саны 100 есе азайды, – деді қала әкімі.

Денсаулық сақтау саласында Астана қаласы жасанды интеллектпен жабдықталған PACS бірыңғай жүйесін іске қосты. Бұл жүйе жылына 4 миллионнан астам радиологиялық зерттеуді сақтау және талдау қабілетіне ие.

AI-алгоритмдер ісік ауруларын жоғары дәлдікпен анықтап, дәрігерлердің шешім қабылдау процесін жеделдетуге көмектеседі.

AI алгоритмдері қауіпті ісіктерді ерте кезеңде дәл анықтайды. Жедел медициналық көмектің қалалықавтопаркі 30 күнге дейінгі деректерді сақтайтын бейнебақылау жүйесімен жабдықталуда және Яндекс. Карта сервисімен интеграциялануда, бұл тұрғындарға бригадалардың келуін нақты уақыт режимінде бақылауға жағдай жасайды, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.