Жасанды интеллект мамандықты жоймайды, тек талапты өзгертеді

Еңбек ресурстарын дамыту орталығының басқарушы директоры Ернат Жүнісов ЖИ мамандықты жоймайтынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жасанды интеллект дәуірі келе жатыр. Әлем тәжірибесі көрсетіп отырғандай, болашақта жұмыс берушілердің 50%-ы ЖИ туралы білімі бар қызметкерлерді жұмысқа алғысы келеді. Сондықтан қосымша білім беру, сертификаттау саласын дамыту керек, – деді ол.

Сөзінше, ЖИ-ді курс арқылы оқып, жұмысына енгізе алады.

Қазір жұмыс істеп отырған мамандардың да 50%-ын қайта даярлау қажеттілігі туындауы мүмкін. Сол себепті жасанды интеллект деп айтқанда, көбі мамандық жойылады деп ойлайды. Бірақ мамандық жойылмайды, оның ішкі мазмұны жойылады, оған қойылатын талаптар жойылады. Мысалы, бухгалтерлер есептерді бұрын қолмен есептейтін, енді оны ЖИ жинақтап береді. Біз кәсіптік стандарттағы біліктілік талаптарына осы қажеттіліктерді енгіземіз, – дейді Ернат Жүнісов.

Айта кетейік, Астанада “Дағдылар мен біліктілікті дамытудың стратегиялық нұсқаулары: 2025 – Жұмысшы мамандықтар жылы аясындағы серіктестер диалогы” атты халықаралық конференция өтіп жатыр.