Семейде эвакуатордың соңынан қудалау атысқа ұласты

Семейде эвакуатор жүргізушісі патруль полициясының тоқтау талабынан бас тартып, қашып кетуге әрекет жасаған. Сол себепті тәртіп сақшылары қару қолдануға мәжбүр болған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Түнгі сағат 1 шамасында полицияға Өскемен көшесімен эвакуатор жоғары жылдамдықпен кетіп бара жатқаны, жүргізуші мас болуы мүмкін екені туралы қоңырау тұскен.
“Барыс 615” патрульдік полиция экипажы күдікті көлікті байқап, тоқтауды бұйырады. Алайда жүргізуші бұған бағынбай, жүрісін жалғастырып, жаяу жүргіншілер мен басқа көліктерге қауіп төндірген. Жүргізуші ескерту дабылына, полицияның талабына құлақ аспай, түрлі маневр жасаған. Оны тоқтату үшін полицей алдымен ауаға ескерту оғын атып, кейін көліктің дөңгелектеріне оқ атқан. Дөңгелектері тесілгеннен кейін ғана эвакуатор тоқтауға мәжбүр болды, – дейді Абай облысының ПД баспасөз қызметі.
Эвакуатор жүргізушісі 29 жастағы семейлік тұрғын болған. Медициналық сараптама оның орта деңгейде мас болғанын анықтады. Жүргізуші айықтырғышқа жеткізіліп, эвакуатор арнайы тұраққа қойылды.
Жүргізуші айыққаннан кейін оны 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу және 7 жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар, полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбағаны үшін семейлік тұрғынға 40 АЕК (2025 жылы — 157 280 теңге) мөлшерінде айыппұл салынуы немесе 3 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазасы қолданылуы мүмкін, – деді департаметтегілер.
Еске салайық, бұған дейін Алматы полициясы аяғын даяшыға сүрткізген қызға қатысты даулы видеоға пікір білдірді.