Салық тексерісі: банктегі ақшаңыз қауіпсіз бе?

Қазақстанда 15 қыркүйектен бастап банктерге азаматтардың банк шоттарына қатысты деректерді мемлекеттік кірістер органдарына беру міндеті енгізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Бұл талап Салық кодексінің 24-бабындағы 13-1 және 13-2 тармақтарында көзделген.

Жаңа тәртіпке сәйкес, салық қызметінің сұрауы бойынша банктер:

  • жеке тұлғаның банкте шотының бар-жоғын және оның нөмірлерін;
  • шоттағы қаражаттың қалдығын;
  • жыл ішінде азаматтың 20 000 АЕК-тен (2025 жылы – 78,64 млн теңге) асатын құнға мүлік сатып алған жағдайдағы ақша қозғалысы туралы деректерді ұсынуға тиіс.

Бұл ереже ең алдымен декларация тапсыруға міндетті азаматтарға қатысты. Олар активтер мен міндеттемелер туралы (250.00 нысан) және кірістер мен мүлік туралы (270.00 нысан) декларация толтырады.

Банктерге салық органының ресми өтінішіне жауап беруге небәрі 10 күнтізбелік күн беріледі. Осы арқылы мемлекеттік кірістер органдары азаматтардың табысы мен мүлкі жөнінде берген мәліметтерінің дұрыстығын тікелей тексере алады.

Айта кетейік, биыл 15 қыркүйек – декларация қабылдау мерзімінің соңғы күні болды. Өткен жылы декларация тапсырмаған кейбір азаматтардың банк шоттарына шектеу қойылды.