Алматы маңындағы ауыл тұрғындары қоқыс полигонынан шыққан түтінге тұншығып отыр

Алматы облысы Іле ауданының тұрғындары қала жанындағы бірнеше күннен бері өртеніп жатқан қоқыс полигонынан шыққан түтінге тұншығып жатқанын айтып, жергілікті билік өкілдеріне шағымданды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Қоқыс полигонына жақын маңдағы Өтеген батыр ауылының түтін басқан сәтінен видео желіде жарияланды. Видео авторының айтуынша, Іле ауданының орталығы – Өтеген батыр ауылы қоқыс полигонынан 20 шақырым жерде орналасқан.

Бүгін, 16 қыркүйек, ауылдан адам шыдамайтын күйіктің ісі шығып тұр, көк түтін. Бұл нағыз экологиялық апат, – делінген видеода.

Сондай-ақ бейнежазба сипаттамасында автор бүгін таңертең жүрегі айнып, бас ауырсынуымен ұйқыдан оянғанын жазған.

Желі қолданушылары да авторды қолдап пікір қалдыруда. Кейбірі түтін мен күйік иісі қалада да сезілгенін айтқан.

Мен біз жақта бірнәрсе өртеніп жатыр деп ойладым”, “Тамағымыз бітіп қалды”, “Талғар ауданында да осындай”, “Айғанымда да осы жағдай”, ” Бұл сұмдық болды, Байсеркеде дем алатын ауа жоқ. Балалардың басы ауырып жатыр. Бұл не деген шектен шыққандық? Жылда осы қоқыс тастайтын жер өртенеді, әдейі өртейді. Ал аулада шөп жағуға да болмайды, бұл түтіннен қанша адам зардап шегіп отыр, – деп жазды желі қолданушылары.

Бұл жағдайға қатысты Іле ауданы әкімдігі пікір білдірді.

Алатау қаласында қоқыс полигонынан шыққан өртті сөндіруге 39 техника, 68 адам жұмылдырылды. Оның ішінде облыстық және Алматы қалалық ТЖД, әкімдік, Полиция департаменті, “ҚазАвтоЖол” АҚ және “ADC TAZA ALEM” күштері бар. Іле ауданынан 4 техника – 3 самосвал және бір жүк тиегіш жіберілді. Оқиға орнында 12 өрт сөндіру көлігі жұмыс істеп жатыр. Суды “Терең қара” өзенінен тікелей ұзындығы 2 км болатын өрт сөндіру түтігінен мотопомпа арқылы алып жатыр. Тағы да техника тарту және өртті жою жұмысы жүріп жатыр, – деді әкімдік өкілдері.