Депутат жастардың жалақысын арттыруды сұрады

Сенат отырысында депутат Бибігүл Аққожина «Жастар практикасы» және «Алғашқы жұмыс орны» мемлекеттік бағдарламаларының тиімділігіне қатысты мәселе көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, аталған жобаларға қатысушылардың жалақысы төмен болғандықтан, жас мамандардың күнделікті шығындарын өтеу мүмкіндігі шектеулі.
Сенатордың дерегінше, төлем мөлшері 2022 жылдан бері өзгермеген және қазіргі уақытта 30 АЕК, яғни 90 511 теңгені құрайды. Осы кезеңде азық-түлік, көлік және тұрғын үй шығындары ондаған пайызға артқан. Бұл жағдай бағдарламаға қатысушыларға елеулі қысым түсіруде.
Жастар, әсіресе әлеуметтік осал санаттағы және ата-анасының қолдауы жоқ түлектер қазіргі төлем деңгейінде тұрғын үй мен тамақтану шығындарын объективті түрде жаба алмайды. Нәтижесінде көптеген адамдар қатысудан бас тартып, бейресми жұмыс іздеуге мәжбүр, – деді Бибігүл Аққожина.
Сонымен қатар депутат төмен жалақы мемлекеттік жастар саясатының негізгі мақсатына қайшы келеді деп отыр. Себебі бағдарламалар жастарды еңбек нарығына бейімдеуді және кәсіби қалыптасуын қамтамасыз етуді көздейді.
Мәселен, 2024 жылы 9 600 адам «Алғашқы жұмыс орны» жобасы арқылы жұмыспен қамтылды. Оның ішінде 4 200-і қатысуды аяқтап, 2 200 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Ал «Жастар практикасына» 33 мың адам қатысқан, олардың 12 600-і бағдарламаны аяқтап, 7 400-і тұрақты жұмысқа кірген.
Сенатор депутаттық сауалында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауына да тоқталды. Президент азаматтардың әл-ауқатын арттыру, халық табысын өсіру, лайықты еңбек жағдайын қамтамасыз ету және жастарды қолдау жөнінде кешенді шаралар қажеттігін атап өткен болатын.
Бүгінгі таңда инфляциялық құбылыстарға орай «Жастар практикасы» және «Алғашқы жұмыс орны» жобаларына қатысушылардың жалақысын арттыру мүмкіндігін, жастар үшін аталған жобалардың тиімділігі мен тартымдылығын арттыру қажеттілігін ескере отырып, қарастыруды сұраймыз, – деді сенатор.