Қазақстанда кімнің жалақысы екі есе өскені анықталды

 Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңімен арттыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Бұл туралы ведомство редакцияның ресми сауалына берген жауабында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрліктің мәліметінше, 2020-2023 жылдары білім беру ұйымдары педагогтерінің, 2021-2023 жылдары медицина және әлеуметтік қамсыздандыру саласы қызметкерлерінің жалақысы екі есеге өсті.

2022 жылдан бастап бюджет саласының өзге санаттағы қызметкерлерінің – есепшілер, кітапханашылар, орманшылар, жүргізушілер, тазалаушылар, күзетшілер және т.б. мамандардың жалақысы 2025 жылға дейін жыл сайын орта есеппен 20%-ға өсіп отыр. Нәтижесінде төрт жыл ішінде олардың да еңбекақысы екі есеге артты, – делінген ресми жауапта.

Сонымен қатар 2022 жылдан бастап жергілікті атқарушы органдарға өз қаражаты есебінен бюджет саласы қызметкерлеріне ынталандыру үстемақыларын белгілеу құқығы берілді. Бұл шара өңірлерде жалақыны қосымша арттыруға мүмкіндік береді.

Ал жеке меншік ұйымдардағы жалақы мөлшері жұмыс берушінің ішкі еңбек ақы жүйесіне сай анықталады. Мұндай кәсіпорындарда жалақыны көтеру ұжымдық келіссөздер мен жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы шарттар арқылы жүзеге асырылады.

Еске салсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздардың Республикалық тамыз конференциясында соңғы төрт жылдың ішінде ұстаздардың жалақысы екі есе өскенін айтты.