Қазақстанға қар мен -8 градусқа дейінгі аяз қайта оралады

“Қазгидромет” РМК синоптиктері алдағы үш күнге, яғни 22, 23 және 24 сәуір күндеріне арналған ауа райы болжамын ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Синоптиктердің мәліметінше, Қазақстанда ауа райы қайтадан тұрақсыз болады.
Атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты еліміздің басым бөлігінде ауа райы тұрақсыз болады деп күтілуде: жаңбыр, найзағай, түнде солтүстікте, шығыста және оңтүстік-шығыстың таулы аймақтарында жауын-шашын (жаңбыр, қарға айналатын жаңбыр) болжанады, – деп хабарлады синоптиктер.
Тек Ақтөбе мен Қызылорда облыстарында антициклон жотасының ықпалымен ауа райы жауын-шашынсыз болады. Республика бойынша желдің күшеюі күтіледі, оңтүстікте және оңтүстік-батыста шаңды дауыл соғады, түнгі және таңғы уақытта тұман күтіледі.
Температура қалай өзгереді
Синоптиктердің болжамынша, түнгі уақытта үсік жүреді:
• 22 және 24 сәуірде – Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында -3 градусқа дейін;
• 22 сәуірде – Қарағанды облысында -1 градусқа дейін;
• 22–23 сәуірде – Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында -1…-8 градус аралығында;
• 24 сәуірде – Ақмола және Қостанай облыстарында -1…-3 градусқа дейін.