Көлік салығын қалай және қашан төлейміз?

 Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті көлік салығы бойынша ең өзекті сұрақтарға жауап береді.

2024 жылға жеке тұлғалардың көлік салығын төлеу мерзімі қашан аяқталады?

– 2024 жылға көлік құралдары салығын төлеу мерзімі 2025 жылғы 1 сәуірде аяқталады.

2024 жылға салықты есептеу кезінде қандай айлық есептік көрсеткіш қолданылады?

– 2024 жылға салықты есептеу кезінде 2024 жылы қолданылған айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 3 692 теңге мөлшерінде қолданылады.

Жеңіл автомобильдерге көлік салығы қалай есептеледі?

– Салық автомобильдің қозғалтқыш көлемі мен АЕК негізінде есептеледі. Қозғалтқыш көлемі неғұрлым үлкен болса, салық та соғұрлым жоғары болады. Қозғалтқыш көлемі 1 500 текше сантиметрден асатын автомобильдер үшін базалық мөлшерлемеге әрбір қосымша текше сантиметр үшін 7 теңгеден қосылады.

Көлік салығын төлемеген жағдайда қандай шаралар қолданылады?

– 1 сәуірден бастап салықтың кешіктірілуіне айыппұл есептеледі. Қарызды өтеу үшін борышкерге хабарлама жіберілгеннен кейін 30 жұмыс күні беріледі. Қарыз мөлшері 1 АЕК-тен асқан жағдайда салықтық бұйрық шығарылады. Егер қарыз өтелмесе, сот орындаушылары есепшоттар мен мүлікті бұғаттауы мүмкін.

Көлік салығының сомасын қалай білуге болады?

– Көлік құралдары салығының сомасын kgd.gov.kz веб-порталындағы калькулятор арқылы және e-Salyq Azamat мобильді қосымшасында өздігінен есептеуге болады.

Көлікті сенімхат арқылы сату кезінде салықты кім төлейді: меншік иесі ме, әлде сенім білдірілген тұлға ма?

– Салық көлік құралын сенімхат бойынша басқа тұлға пайдаланса да, көлік құралының иесіне есептеледі.

Көлік салығын төлеуге кімдер міндетті?

– 490-баптың 1-тармағына сәйкес, көлік құралдары салығын төлеушілер – салық салу объектілеріне меншік құқығы бар жеке тұлғалар.

Көлік салығынан қандай жеке тұлғалар босатылады?

– ҰОС ардагерлері, КСРО және ҚР батырлары;

– Көпбалалы аналар, “Батыр ана” атағына ие болған немесе “Алтын алқа”, “Күміс алқа” белгілерімен марапатталған аналар;

– Мүмкіндігі шектеулі тұлғалар.

Мұндай тұлғалар өз аттарына тіркелген бір көлік құралы үшін салық төлемейді. Егер көліктері бірнешеу болса, қалғандары үшін салық төлеу міндетті.

ПІКІР ЖАЗУ