Заңсыз шырша кескендер қанша айыппұл арқалайды?

 Заңсыз шырша кескендерге қатаң жаза қолданылатын болады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Алматы облысы әкімдігінің мәліметінше, Жаңа жыл мерекесінің қарсаңында елімізде қылқан жапырақты ағаштарды (шырша, қарағай және басқалары) заңсыз кесу жағдайлары жиі кездеседі. Әсіресе, шыршалар дүкендерде және базарларда сатылатыны белгілі, бірақ оны заңсыз кесу – экологиялық қауіпті әрекет қана емес, сондай-ақ құқық бұзушылық болып есептеледі.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес, орман қорына жататын ағаштарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдау үшін қатаң жазалар қарастырылған. Егер залал 50 АЕК (Айлық есептік көрсеткіш) көлемінде болса, жеке тұлғаларға 369 200 теңге көлемінде айыппұл салынады. Ал шағын кәсіпкерлік субъектілері немесе коммерциялық емес ұйымдарға 1 107 600 теңге, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 1 476 800 теңге, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 3 692 000 теңге айыппұл салынатын болады, – делінген ақпаратта.

Бұл жазалар тек әкімшілік сипатта ғана емес, егер шығын 50 МРП (минималды айлық жалақы) мөлшерінен асып кетсе, қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесі де қарастырылады. Осылайша, заңсыз шырша кесу әрекеттері тек экологияға емес, азаматтардың заң алдындағы жауапкершілігіне де айтарлықтай әсер етуі мүмкін.

Орманды қорғау, экологиялық теңгерімді сақтау – әрбір азаматтың міндеті. Жаңа жылдық шырша мен қарағайды заңсыз кесудің салдары ауыр болатынын ескеріп, тұрғындар мен кәсіпкерлерге табиғатты қорғауға шақырамыз. Өйткені, орман байлығы – еліміздің теңдесі жоқ қазынасы, және оны сақтап қалу – үлкен жауапкершілік.

ПІКІР ЖАЗУ