Полиция жоғалып кеткен 15 жасар қызды Шымкент қаласынан тауып, үйіне қайтарды

Жетісай ауданының полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, 15 жастағы немересінің жоғалғаны туралы хабарлады. Әжесінің айтуынша, жасөспірім қыз кешкі уақытта құрбысына барамын деп үйден шығып, қайта оралмаған. Туыстары өз бетінше іздегендерімен нәтиже бермей, полиция қызметкерлерінен көмек сұрайды.

Ақпаратты алғаннан кейін бүкіл жеке құрам шұғыл қызды іздеуге жұмылдырылды. Тәртіп сақшылары жасөспірімнің таныстары мен достарынан жауап алып, жан-жақты тексеру жұмыстарын жүргізді.

Тәулік бойы атқарылған іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полицейлер кәмелетке толмаған жасөспірімді Шымкент қаласынан тапты. Жоғалған қызды туыстарына аман-есен қайтарды.

Белгілі болғандай, қыз әжесін құрбыма кеттім деп сендіріп, өзі достарымен серуендеу үшін Шымкент қаласына кетіп қалған. Немересінің аман-есен оралғанына қуанған әжесі полиция қызметкерлеріне алғысын білдірді.

Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ