Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрына – 95 жыл

Театр – мәдениеттілікке, имандылыққа бастайтын баспалдақ, алтын көпір. 6-11 қараша күндері өткізілетін Орталық Азия елдері театрларының ІХ Халықаралық фестивалі аясында Шымкент қалалық орталықтандырылған балалар кітапханасында Қазақстандағы алғашқы театрлардың бірінен саналатын Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының – 95 жылдығына орай «Театр–мәдениет ошағы» атты театр әртістерінің қатысуымен кездесу кеш өткізілді.

Іс–шараға ҚР Мәдениет қайраткерлері Айжан Жұмабекова, Раушан Салова, Еркін Шымырқұлов, Ақжарқын Нұртазина, мұражай меңгерушісі Қымбат Молдиева, А.Дәуренбекова шақырылды.

Кездесу кеште М.Әуезов атындағы ОҚУ «Мәдениет және өнер» факультетінің және «Саз» колледжінің студенттері мен А.Байтұрсынов атындағы №50 мектеп гимназиясының 9 сынып оқушылары, №27 «Сәт» бөбекжай-бақшасының бүлдіршіндері қатысты.

Қонақтар 1972 жылы қоғам қайраткері Жұмат Шаниннің есімі берілген театрдың алғашқы құрамы мен режиссерлері туралы, театр репертуарлары, жеткен жетістіктері жайлы әңгімеледі. Өнер майталмандары бас қосқан кездесу кеш өте жоғары деңгейде өткізілді.

Өнер – халық тарихының шежіресі. Осы өнер арқылы өмірдің кең тынысы, тіршілік құбылыстары, адамның әр түрлі сезімі бейнеленеді. Халықты эстетикалық адамгершілік пен ізгілікке тәрбиелеудің аса маңызды құралы болып саналатын өнер ордасының 95 жылдық мерейтойы құтты болсын!

ПІКІР ЖАЗУ