Саяси партиялардың өкілдері жолдастық кездесуде жарысты
Елімізде жаңа саяси мәдениеттің қалыптасуына аршынды қадам басып отырған «AMANAT» партиясы Қазақстан қоғамы тең құқықтар мен мүмкіндіктердің алаңына айналуы керек деп біледі. Мемлекет басшысы айтқан «Түрлі көзқарас – біртұтас ұлт» қағидатын ілгерілетуде, мемлекеттің тұтастығы, елдің татулық, бірлігі, қоғамның қауіпсіздігі мәселелерінде еліміздегі саяси партиялармен тең дәрежелі ықпалдастық байланыстарды нығайтуға дайын екенін білдіреді.
Қоғамда плюрализм мен пікір еркіндігін, демократиялық қағидаларды орнықтыруға мүмкіндік берген мемлекеттік егемендігіміздің орнын айшықтауда, ең басты ұлттық мерекеміз – Республика күні қарсаңында Түркістанда саяси партиялардың өзара ықпалдастығын арттыруға қызмет ететін маңызды іс-шара болып өтті. «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының ұйымдастыруымен Түркістан қаласындағы Октябрь Жарылқапов атындағы стандионда футболдан «Maslihat CUP» партиялар арасындағы жолдастық кездесу ұйымдастырылып, өткізілді.
Биылғы жылы екінші жыл қатарынан өткізілген бұл іс-шара, саяси партиялардың жергілікті филиалдары арасындағы өзара сенім мен құрметке негізделген байланыстарды нығайтуға жәрдемші болып, қоғамдық маңызы бар түрлі салаларда салауатты бәсекелестіктің артуына септеседі деген сенімдеміз.
Жолдастық кездесуге «AMANAT» партиясының өкілдерімен қатар, «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы, «Respublica», «Қазақстан халық партиясы», Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы филиалдарының өкілдері, Түркістан облыстық кәсіпкерлер палатасы, журналистер және жастар құрамалары қатысты. Жарыстың кезеңдік ойындарынан өтіп, үздік нәтиже көрсеткен командаларға партиямыздың өңірлік филиалы дайындаған дипломдар мен сыйлықтарды «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Қалыйма Жантөреева табыстады.
«Спорт – бұл жарыс алаңы ғана емес, ол орнықты мәдениет мектебі болып та табылады. Саяси партиялар арасында бүгін өткен жолдастық кездесу саяси өмірдегі тең дәрежелі достық байланыстарымыздың артуына себепші болады деген сенімдеміз. Жобаның «Maslihat CUP» деп аталуы да бекер емес. Мәслихаттар барлық партияға тең мүмкіндіктер беретін ортақ алаңымыз. Біз барша партияға қатысу ұсынысын білдірдік, алдағы уақытта да спорттық жарыстарда достық байланыстарымыз артады деген сенімдемін», – деді Қалыйма Жантөреқызы.
Сондай-ақ жарыс қатысушыларына Түркістан қалалық мәслихатының төрағасы, партиямыздың қалалық филиалының жетекшісі Ғаппар Сәрсенбаев, Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясының өкілі алғыстарын білдіріп, достық турнирі жоғары деңгейде өткізілгеніне «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының «Жастар рухы» жастар қанатына ризашылықтарын жеткізді.
Бірлігі бекем Әділетті Қазақстанды бірге құрамыз деген ұранды көтерген аманаттықтар партиялар арасындағы достық турнирін жыл сайын өткізіп, жаңа саяси мәдениеттің орнықты болуына үлесін қоса беретін болады.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі