Мақтаарал ауданында «Нашақорлық-ғасыр дерті» форумы өтті
Мақтаарал ауданының мәдениет үйінде «Есірткіден есіруді көздегенше, салауатты салтымыздан қол үзбе!» деген ұранмен «Нашақорлық – ғасыр дерті» атты форум өтті.
Қоғамның назарын осы мәселеге аудару және нашақорлықпен бірлесіп күресу мақсатында ұйымдастырылған жиынға аудан әкімі Бақыт Асанов, прокурор Айтболат Досаев, сот судьясы Құнанбай Мусаев, полиция бөлімінің басшысы Ердаулет Амантаев, дәрігер-нарколог Асел Досанова арнайы қатысты.
Спикерлер есірткіге қарсы күреске бағытталған жұмыс барысы туралы баяндап, атқарылған шараларды атап өтті.
Жиын мәдениет үйі өнерпаздарының «Нашақорлыққа жол жоқ!» атты сахналық көрінісімен басталды.
Форумда сөз алған полиция подполковнигі Ердаулет Амантаев есірткі қылмысы, оны тұтыну, сақтау, тасымалдау, жарнамалаудың соңы қылмыстық жауапкершілікке тартылумен аяқталатынын жеткізді. Басқа да қажетті мағлұматтармен бөлісіп, жастарды жаманнан жиренуге шақырды.
Өз кезегінде жастар қоғамдағы өзекті мәселе болып тұрған есірткіге қатысты қылмыстардың алдын алу, нашақорлыққа тосқауыл қою бағытында мамандармен сұқбаттасып, пікір алмасты.
Жиын соңы мәдени спорттық іс-шараға ұласып, мекемелер арасында кіші футболдан жарыс өтті. Жарыстың негізгі мақсаты – спорт арқылы жастар мен балалар арасында есірткіге, нашақорлыққа қарсы иммунитет қалыптастыру.
Қорытынды есеп бойынша қарсыластарынан оқ бойы оза шапқан ҚР ҰҚК шекара қызметінің қызметкерлері І-орынды иеленсе, ІІ-орынды полиция бөлімінің командасына бұйырды. Ал ІІІ-орынды Мырзакент мектеп командасы қанағат тұтты. Сондай-ақ қатысушы командалар арнайы алғыс хатпен марапатталып, кубок және медальдар табыс етілді.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі