Полиция ардагері өзінің ізін жалғаған ұлымен референдумда таңдау жасады

Қазақстан халқы республикалық референдумда маңызды шешім қабылдауға өз үлестерін қосты. Осы ретте Түркістан облысының полицейлері сайлау учаскелеріндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етті.

Мәселен ішкі істер саласында ұзақ жылдар еңбек етіп, тәртіпті қадағалауға еңбегі сіңген полиция ардагері Батырхан Сансызбаев, бүгін облыс орталығындағы №888 сайлау учаскесінде төрайымның орынбасары болды. Ал ұлы Түркістан қаласы Полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторы Аян Батырханұлы болса, №14 мектепте кезекшілік қызметте болып, өзіне жүктелген міндетті атқарды.

Полиция династиясы еліміздің болашағы үшін маңызды күндегі шарада күні бойы қызметте тұрып, аяқталар сәтте әкесі мен ұлы болып, өз таңдауларын жасап, дауыс беруге келді.

Айта кетсек, ардагер полицей Түркістан қалалық ішкі істер басқармасында түрлі басшылық лауазымдарда қызметте болып, 2005 жылы еңбек өтіліне орай майор шенінде зейнеткерлік демалысқа шыққан.

Сонда да еңбектен қол үзбеген ардагер бүгінгі таңда Түркістан қалалық ішкі істер органдарының ардагерлері кеңесінің төрағасы. Ал ұлы Аян жергілікті тұрғындардың тыныштығын сақтауда әке ізін жалғап отырған тәртіп сақшысы.

ПІКІР ЖАЗУ