Полиция қызметкерлерінің отбасына «Ашық есік» күні ұйымдастырылды

Түркістан облысы Полиция Департаментінде Тәрбие және кадр жұмысы басқармасының инспектор-психологтарының ұйымдастыруымен «Ашық есік» күні өткізілді. Аталған іс-шараның басты мақсаты – Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ бөлімі қызметкерлерінің қызметтік өмірін отбасына таныстыру, әрқашан қолдау білдіруге шақыру.

Іс-шара барысында қонақ болып келген полицейлердің әйелдері мен ұл-қыздарына арнайы қызметтік бөлмелері, спортпен айналысатын зал мен белсенді құралдар, атыс қарулары, сонымен қатар жауынгерлік техникалары көрсетілді. Күні-түні облыс жолдарын бейнебақылау арқылы бақылап отыратын Жедел басқару орталығының жұмыс барысымен таныстырылды.

Отбасында әкенің орны ерекше болғандықтан, «Әке – асқар тау» ұранымен балаға ӘКЕ атын үнемі үлгі тұтып, жоғары ұстау керектігі айтылды. Ал асыл жарларына жауапкершілігі мен қиындығы мол қызметте жүрген күйеулеріне түсіністік танытып, демеу беріп жүргендері үшін алғыс білдірілді.

Өз кезегінде келген қонақтар отбасының тірегі, ел қорғаны болып жүрген әкелерінің жұмысына сәттілік тілеп, биік белестерді бағындыруына сенім артатындықтарын жеткізді.

ПІКІР ЖАЗУ