Дархан дала дәстүрі жаңғырған күн

Қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарына жан-жақты ғылыми-зерттеу және әдістемелік жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп келе жатқан, ғасырдан-ғасырға жеткен рухани байлығымыз бен мәдени мұрамызды кеңінен насихаттауға, дәстүрдің жауһарларын халыққа паш етуден жалықпаған, Қазақстанда теңдесі жоқ, толығымен қазақтың әдет-ғұрпы пен салт-дәстүріне арналған бірегей Орталыққа биыл 10 жыл толды.

Шымкент қаласының төрінде 2014 жылдың желтоқсан айында бой көтерген Салт-дәстүр орталығы бүгін Көрме орталығында мерейтойды дүркіретіп атап өтті. «Дархан дала дәстүрі мен ойындары» тақырыбымен өткен этнофестивальге көрші қырғыз елінен, Түркістан, Қызылорда облыстарынан өнерлерін арқалаған,  шашуын шашқан өнерпаздар келді.

Атаулы жиынды қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек ашып, қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың құттықтауын жеткізді. 

– Атадан балаға мұра болып келе жатқан ұлттың рухани дүниесіне, жауһарларына көңіл бөле бастадық. Салт-дәстүрлер – қазақ халқы мәдениетінің терең тамыры мен рухани байлығының ажырамас бөлігі екенін ұғынып, барынша насихаттап, ұлықтауға үлесін қосып жүрген бірегей орталықты бүгінгі мерейтойымен құттықтаймын. Ұрпақтан ұрпаққа мұра болып қалған дәстүр сабақтастығын жалғап келе жатқан ерекше орталық. Орталық алдағы уақытта да еліміз үшін, келешек ұрпақ үшін қажымай еңбек ете берсін, – деді Сәрсен Құранбек.

Ұмыт болған әдет-ғұрыптар, қолөнер, дархан даланың ұлттық ойындарын қайта жаңғырту мақсатында ұйымдастырылған этнофестиваль 6 кезеңнен тұрды. Әр өңірдің өнерпаздары тақырып бойынша дайындап келген дәстүрге байланысты сахналық көріністерін көрсетсе, сахна сыртында асық ату, қол күресі секілді ойындар ойнатылды.

– Ұлт құндылығын, асыл қазынамызды бүгінгі заман ағымына сай қайта жаңғырту негізгі мақсатымыз. Дегенмен, осы дәстүрлерді жаңғырту және қайта жандандыру арқылы ұлттық құндылықтарды сақтау, жастар арасында ұлттық сананы қалыптастыру мүмкіндігі бар. Ұмытылған дәстүрлерді зерттеп, олардың тәрбиелік және мәдени мәнін түсіндіру арқылы қоғамның рухани байлығын арттыруға болады. Көшпенділер әлемінің бар інжу-маржан қазынасын сән-салтанатымен көрсетуде, жастардың шығармашылығы ежелден қалыптасқан салт-дәстүрге жаңаша леп береді. Бүгін осындай сабақтастықтың куәсі боласыздар, – дейді орталық басшысы Бахтияр Спанов.

Мерейтойды жыршы-жыраулардың жарысы, жілік шағу, арқан тарту, қол күресі секілді жігіттер сайысы қыздырды. Бір жағында келіндер қамыр илеп, кеспе кесуден бәсекелесіп жатса, бір жағында он саусағынан өнері тамған қолөнершілер құрақ құрап, жіп иіріп, дәстүрдің бар бояуын көрсетті. Қаламыздың қонақжайлылығын паш етіп, дәмханалар ұлттық тағамды қонақтарға ұсынды.  

ПІКІР ЖАЗУ