Ауылдың ажарын ашатын нысандардың құрылысы – партия бақылауында

«АМАNАТ» партиясы Мемлекет басшысының қоғамдық тірегі ретінде, қарапайым азаматтардың сұранысы мен талап-өтініштерін орындауға бағдарланған сайлауалды уәделерінің іске асырылуына жүйелі бақылау жүргізеді. Жұртшылықтан түскен өтініш-тілектердің негізінде еліміз бойынша ауыл-аймақтарда мектептер мен медициналық нысандардың құрылысы қарқын алды, жол инфрақұрылымын жақсарту бойынша ауқымды жұмыстар қолға алынды, тозығы жеткен инженерлік жүйелерді жаңарту, газбен қамтылмаған елді мекендерге көгілдір отын жеткізу, халық тұтынатын ауыз су мен электр қуатының сапасын арттыруда маңызды жобалар іске асырылуда.

Сайлаушыларымыздың мүддесін қорғауда және тұрғындар үшін лайықты өмір сапасын қамтуда, қоғамдық маңызы бар әлеуметтік нысандардың құрылысы, олардың дайындық деңгейі аманаттық өкілдердің бақылауына алынып, құрылыс барысында кездесетін өзекті мәселелердің дер кезінде шешім табуына партиялық ресурстарды жұмылдырудың тетіктері қарастырылған. Осы міндет шеңберінде, партияның Сайрам аудандық филиалының бастамасымен партия өкілдері аудан аумағында бой көтеріп жатқан бірқатар нысандардың құрылыс алаңдарында болып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысын қоғамдық бақылаудан өткізді.

Партия филиалының атқарушы хатшысы Қуаныш Сыздықов пен партияның аумақтық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Акмалжан Исаков бастаған топтың құрамына аталған комиссияның мүшелері, Сайрам аудандық мәслихатының бірқатар депутаттары, «АМАNАТ» партиясы фракциясының мүшелері, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары енді. Топ мүшелері алдымен Қайнарбұлақ ауылдық округіндегі Әсіларық елді мекенінде №49 Ш.Уалиханов атындағы жалпы орта мектеп ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу жұмыстарының барысымен танысты. Барлығы 300 оқушыға арналған білім беру ұйымының асханасы, спорт залы, оқу корпустары қайта құру жұмыстарын талап ететіні анықталып, тиісті жоба-сметалық құжаттама әзірленген болатын. Жөндеу жұмыстарын жүргізуге облыстық бюджеттен қаржы қаралып, мердігер ұйым ретінде – «Шамар Group» ЖШС-гі, техникалық қадағалаушы ұйым санатында -«АBT & company» белгіленіп, барлық құрылыс жұмыстарын жаңа оқу жылы басталғанға дейін аяқтау көзделген-ді. Партия өкілдері ғимараттың дайындық деңгейін зерделеуден өткізіп, бірқатар мәселелер бойынша өз ұсынымдарын білдірді.

Жүргізілген партиялық бақылау барысында аманаттық өкілдері жол құрылысы мәселесіне де көңіл бөлді. Топ мүшелері Әсіларық ауылындағы Көктем көшесіне арнайы барып, мұндағы жол салу жұмыстарының атқарылу барысымен танысты. Сайрам аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің тапсырыс беруімен осы көшенің жалпы ұзындығы 1 шақырымнан асатын автомобиль жолына асфальт төсеу жұмыстары қолға алынған. Жергілікті мемлекеттік орган өкілдерінің мәлімдеуінше, Қайнарбұлақ ауылдық округіндегі 19 көшеге асфальт төсеу жұмыстарын 3 кезең бойынша атқару көзделген. Биылғы жылдың қазан айына дейінгі аралықта Қасымбек Датқа ауылындағы Көмешбұлақ, Парасат, Темірқазық, Мұсаев атындағы тұйық көше, Қ.Жұмабаев, Әлжанов, Қазыналы, Абай, Ж.Шамет, Сағым, Жаңғыру, Абай атындағы тұйық көше, Тоған ауылындағы Жастар, Одаманов, Ы.Шалабаев, Шынарлы, Самал және Абай көшелеріне кезең-кезеңмен асфальт төселенетін болады.

Жұмыс сапары барысында партия өкілдері Құтарыс ауылдық округіндегі Оймауыт ауылына барып, ұзындығы 5,4 шақырымды құрайтын аудандық маңызы бар КХ-37 тас жолының қазіргі ахуалын зерделеді. Аталған жолды орташы жөндеуден өткізуге биылғы жылы қаржы қаралған. Мемлекеттік сатып алу процедуралары өткізіліп, аталған жұмыстарды атқаруы тиіс мердігер ұйым анықталған. Жоспар бойынша барлық жөндеу жұмыстары биылғы жылы толығымен аяқталуы тиіс. Аталған нысандағы құрылыс жұмыстары аманаттық өкілдердің тұрақты назарында болады.

Партиялық бақылауға алынған келесі нысан – Құтарыс ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның құрылысы болды. Күндізгі стационары бар жаңа емдеу мекемесін Түркістан облыстық құрылыс басқармасының тапсырысы бойынша «ЕМААR» ЖШС-гі атқаруда. Ауыл тұрғындары асыға күткен ғимараттың құрылысы биылғы жылдың желтоқсан айында толығымен аяқталып, пайдалануға берілмек. Аманаттық өкілдер құрылыстың өндірістік кестеге сәйкес атқарылуын зерделеп, мердігер ұйымның жауапты өкілдерімен және жұмысшылармен құрылыс жобасында қамтылған мәселелер бойынша пікір алмасты.

Аудан тұрғындары үшін маңызды бұл нысандардың дайындығы партия өкілдерінің тұрақты назарында болады және олардың құрылыстары барысында анықталған кез келген өзекті мәселені уақыт оздырмай шұғыл шешіп отыруды көздейтін тетіктер белгіленген.

«АМАNАТ» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ