Облысымыздың әлеуметтік-экономикалық жағдайына едәуір ықпал жасайтын мәселелер талқыланып, шешімдер қабылданды
2024 жылғы 17 шілдеде сегізінші шақырылымдағы Түркістан облыстық мәслихатының кезектен тыс он бірінші сессиясы өтті. Сессия жұмысының алдында мәслихат төрағасы облыстағы жаңа кадрлық тағайындауды таныстырды.
Сегізінші шақырылымдағы облыстық мәслихаттың кезектен тыс он бірінші сессиясының жұмысына облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, облыс әкімдігінің мүшелері, басқарма басшылары, облыстық тексеру комиссиясының төрағасы, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Сессия жұмысын облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов жүргізді. Күн тәртібінде 6 мәселе қаралды. Атап айтқанда, Түркістан облыстық мәслихатының 2023 жылғы 13 желтоқсандағы №7/85-VIII «2024-2026 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы, «Түркістан облысының Құрметті азаматы» атағын беру туралы, Түркістан облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесін тағайындау туралы, «Түркістан облысы әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның дербес құрамы туралы» Түркістан облыстық мәслихатының 2018 жылғы 28 қыркүйектегі №30/331-VI шешіміне өзгерістер енгізу туралы мәселелер қаралды. Сонымен бірге «Түркістан облысы әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның дербес құрамын бекіту туралы» Түркістан облыстық мәслихатының 2018 жылғы 28 қыркүйектегі №30/330-VI шешіміне өзгерістер енгізу, Түркістан облысының Құрмет грамотасымен марапаттау бойынша да тиісті шешімдер қабылданды.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары сессия жұмысын қортындылап, мәслихат жұмысына табыс тіледі.
– Бүгінгі маңызды жиында облысымыздың әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси жағдайына едәуір ықпал жасайтын мәселелер талқыланып, олар бойынша шешімдер қабылданды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы жаңа инвестициялық кезеңді бастауды тапсырды. Облыста осы бағытта жұмыс жүруде. Инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу, халықты жұмыспен қамту – басым бағыт болып қала береді. Күш біріктіріп жұмыс істеуіміз керек. Осы жиынды пайдаланып, «Таза Қазақстан» акциясына тағы да тоқталғым келеді. Бұл – бір күндік немесе бір айлық науқан емес. Жылдар бойы тұрақты түрде атқарылатын жұмыс. Біз көшелерді тазалап, инфрақұрылымды жақсартамыз. Бірақ қоғамдық сана түзелмей, бұл мәселе шешілмейді. Сондықтан халық қалаулыларын да осы акцияға үлес қосып, түсіндіру жұмыстарына атсалысып, елдің экологиялық сауатын көтеруге шақырамыз, – деді Зұлпыхар Жолдасов.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі