Түркістан: Төлеби «Жастар ресурстық орталығы» ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын

Төлеби ауданы ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев Төлеби ауданына жұмыс сапары барысында құрылыс алаңында болып, атқарылып жатқан жұмыстарды бақылады. Мердігерлермен кездесіп, бірқатар тапсырма берді.

– Әлеуметтік нысандардың сапасын бақылауда ұстаңыздар. Ғимаратты жарықтандыруға мән беріңіздер. Орталықтың аумағын абаттандырып, айналасындағы ғимараттарды да реттеу керек. Жұмысты жауапкершілікпен атқарыңыздар, – деді Ертай Кенжебекұлы.

Қазіргі уақытта ғимараттың ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, екінші қабатта орналасқан кабинеттер, жеке қабылдау бөлмелері, конференц-залдар әрленуде. Нысанның құрылысына сапалы материалдар қолданылып жатыр. Іс-шараларға арналған акт залы мен сахна толық жаңартылды. «Construction Group SAMRUK» ЖШС жұмыстарды бекітілген кестеге сай атқарып жатыр.

Ғимаратта мәжіліс залы, 300 орындық акт залы, психологиялық және медициналық кеңес беру кабинеттері жасақталады. Сонымен қатар орталықта аудан жастарын қоғамдық жұмыстарға тартуға мүмкіндіктер қарастырылмақ.

Айта кетейік, Төлеби ауданы бойынша 121 мың халық болса, 14 пен 35 жасқа дейінгі жастар саны – 39 898. Оның ішінде, 11337 – қала жастары болса, 28561 – ауыл жастары. Жастар аудан халқының 31%-ын құрап отыр.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ