Түркістан облысында полиция мас жүргізушіні камера арқылы 2 минутта тоқтатты
Түркістан облысы ПД жедел басқару орталығының камерасы арқылы жол апатын жасап, оқиға орнынан бой тасаламақ болған жүргізуші дер кезінде анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz. Нақтырақ айтсақ, облыс орталығындағы С.Ерубаев пен Т.Нышанов көшесі қиылысында сағат 20:25 шамасында Оpel маркалы көлік Matiz-ды соғып, жол-көлік оқиғасы болған жерге тоқтамаған. Мұны камера бақылап отырған инспектор байқап қалып, қашып бара жатқан көлікті ұстау бойынша Түркістан қаласының патрульдік полиция қызметкерлеріне бағыттама береді. Берілген ақпарат негізінде, сол аймаққа жақын полицейлер 2 минут ішінде аталған автокөлікті тоқтатып үлгерді.
Батальон қызметкерлері құқық бұзушы жүргізушіден мән-жайды сұрап, құжаттарын тексеру барысында, оның ішімдік ішіп, масаң халде көлік тізгіндегенін анықтады. Ер адамға жол-көлік оқиғасы орнынан кетіп қалғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды. Ал автокөлікті мас күйде басқарғаны үшін жинақталған материалдар әкімшілік сотқа жолданды. Айта кетсек, жедел басқару орталығының инспекторлары Түркістан қаласы бойынша қоғамдық орындарға қойылған бейнебақылау камералары арқылы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында, зерделеу жұмыстарын үздіксіз атқарып жатыр.
Ақпарат көзі Polisia.kz сайтында