Шымкенттік әскерге шақырылушылар Алматы қаласының әскери бөліміне қызмет етуге аттанды
Қалалық қорғаныс істері департаментінің саптық алаңында 25 әскерге шақырылушыдан тұратын команданы Қарулы Күштер қатарына жіберудің салтанатты рәсімі өтті. Жас сарбаздар Алматы гарнизонында орналасқан «Райымбек батыр» атындағы десанттық-шабуылдау бригадасында әскери мамандық алатын болады.
Жастар орталығының қолдауымен ұйымдастырылған әскерге шақырылушыларды шығарып салу рәсіміне қалалық қорғаныс істері департаментінің бастығы полковник Әбдіғабит Шегебаев, Қарулы күштер мен жергілікті соғыс ардагерлері кеңесінің төрағалары, сондай-ақ әскерге шақырылушылардың туыстары мен жақындары қатысты.
Әскерге шақырылушыларға арнаған сөзінде қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Әбдіғабит Шегебаев ертеңгі сарбаздарға әскери қызметтің басталуымен құттықтап, барлығына денсаулық пен жауынгерлік даярлықта табыс тіледі.
– Армия – әр жігіттің өміріндегі маңызды кезең. Әрбір ер адам қауіп төнген сәтте өз отбасын, Отанын қорғауға дайын болуы керек. Сіздер алдағы қызмет жылында азаматтық өмірде де пайдалы болатын маңызды және пайдалы нәрселерді үйренеді деп сенемін. Ал сіздердің біреулеріңіз үшін бүгінгі күн өміріңіздегі басты қадам болуы мүмкін. Қызметтеріңізді абыроймен орындап 12 айдан кейін, осындай құрамда қайта кездесуімізді күтемін, – деді полковник Әбдіғабит Шегебаев.
Қарулы Күштер ардагерлері қалалық кеңесінің төрағасы отставкадағы полковник Серікбай Оңбаев жас сарбаздарға барлық уақытта мемлекет алдында елдің қауіпсіздігін, халықтың бейбіт және гүлденген өмірін қамтамасыз етудің аса маңызды міндеті тұрғанын атап өтті.
– Өз Отаны мен халқын қорғау ер-жігіттің қасиетті парызы болып саналады. Біздің басты міндетіміз – ата-бабаларымыздан қалған мұраны қорғап келесі ұрпаққа жеткізу. Барлықтарыңыздың дендеріңізге саулық тілеп, табысты қызмет пен жақсы әскери маман болып оралуларыңызды тілеймін, – деді Серікбай Оңбаев.
Құрметті қонақтар мен туыстардан бөлек, болашақ жауынгерлерді қолдауға «Жас Сарбаз» әскери-патриоттық сыныптарының тәрбиеленушілері мен қала жастары, сондай-ақ гарнизонның әскери оркестрі келді. Ал №68 орта мектептің шығармашылық ұжымы қонақтар мен әскерге шақырылушылар үшін концерттік бағдарлама ұйымдастырды.
Шымкенттің жергілікті әскери басқару органдарында әскерге ең үздік және дайындалған жастар ғана шақырылатынын атап өту қажет. Олар міндетті түрде мамандандырылған мекемелерде – психиатриялық, наркологиялық, тері-венерологиялық және туберкулезге қарсы диспансерлерде тіркеуде бар-жоқтығын анықтаудан өтеді.
Айта кетсек, бүгінгі таңда көктемгі шақыру науқаны аясында үшінші мегаполистен 18 бен 27 жас аралығындағы 200-ге жуық жас ҚР ҰҚК Шекара қызметінің қатарына шақырылса, жалпы, көктемгі жоспарға сәйкес Шымкенттен 1000-ға жуық жігітті шақыру жоспарланған.
Шымкент гарнизонының баспасөз қызметі