Шымкент: аймақаралық форумда халықты ерте пісетін көкөністермен қамту мәселелері қарастырылды
Бүгін Шымкент қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен “Көрме” орталығында халықты ерте пісетін көкөністермен қамту мәселелеріне арналған аймақтық форум өтті. Оған Сауда және интеграция министрлігінің Сауда комитетінің төрағасы А.Әбілдабеков, Ауылшаруашылығы министрлігінің департамент директорының орынбасары Ш.Ахметов және QazTrade сауда саясатын дамыту орталығы өкілдері мен салалық басқармалар қызметкерлері, өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары мен сауда желілерінің өкілдері қатысты. Ашық диалог алаңында тауарлардың бағасын тұрақтандыру тетіктері қарастырылып, өңірлерді сапалы өнімдермен қамтуда өзекті мәселелер талқыланды.
Еліміздегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының тұрақтылығы Мемлекет басшысының тікелей бақылауында. Бұл ретте Үкіметке Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктерімен бірлесіп баға тұрақтылығын қамтамасыз ету жөнінде нақты шаралар қабылдау тапсырылған болатын. Тапсырмаға сәйкес бүгінде өңірлерде кешенді шаралар қолға алынды.
Форумның мақсаты – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесіне енетін көкөніс өнімдерінің бағасын тұрақтандыруда, дефицитті алдын алуда көршілес мемлекеттерден тасымалданатын пияз, картоп, қырыққабат өнімдері бойынша алдын ала келісім-шарт түзу, халықты бірінші қажетті өнімдермен тиімді бағада қамтамасыз ету болып табылады. Бүгінгі жиында халықты ерте пісетін көкөністермен қамтамасыз етуде бірқатар келісім-шарттар түзілді.