ШЫМКЕНТ: Халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топ мүшелеріне 39 пәтер кілті табысталды

 

Шымкент қаласында тұрғын үй кезегі келген 74 азаматқа жалдамалы пәтер кілті табысталды. Оның ішінде 28 пәтер – көпбалалы отбасыларға, пәтер – халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топ мүшелеріне, 7 пәтер – жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санатындағы азаматтарға берілді.

Аталған көпқабатты тұрғын үйлер Тұран, Тұрлан, Асар-2 шағын аудандарынан бөлінген.

Жалдамалы баспанамен қамтылғандардың қатарында қала тұрғыны Фарида Жүнісова да бар. Ол 2014 жылы тұрғын үйге мұқтаж азаматтар кезегіне көпбалалы отбасылар санаты бойынша кезекке тіркелген. Қала тұрғыны осы уақытқа дейін тұрғын үй кезегін үнемі егов электрондық порталы арқылы бақылап отырған. Көпбалалы ана 7 жылға жуық уақыт бойы тұрғын үй кезегін сабыр сақтап, шыдамдылық танытып күткен. Бүгінде жалдамалы баспанаға қол жеткізген отбасының қуанышында шек жоқ.

Айта кету керек, осы жылдың сәуір айында тұрғын үйге мұқтаж азаматтар кезегінде тұрған 161 азаматқа сатып алу құқығынсыз жалдамалы пәтер қолданысқа берілсе, мамыр айында 147 арендалық баспана тұрғындар игілігіне табысталған болатын. Сонымен бірге жыл басында 300 пәтер жұмыс істейтін жастарға үлестірілген еді. Ал, жыл соңына дейін 294 азаматтың пәтермен қамтылуы жоспарлануда.

Айта кетейік, 2020 жылы тұрғын үй кезегіндегі 1596 азамат арендалық баспанаға қол жеткізген болса, 904 пәтер жұмыс істеп жүрген жастарға берілген болатын.

ПІКІР ЖАЗУ