Шымкент: қала әкімі халықпен кездесіп, инфрақұрылым мәселелерінің шешімін пысықтады

Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков сала басшыларымен бірге тұрғындар көтерген мәселелері бойынша елдімекендерді аралап, инфрақұрылым мәселелерінің шешімін қарастырды. Абай ауданына қарасты Ақжайық елдімекеніне барып, жергілікті халықпен кездесті. Тұрғындар  жолдың сапасыздығы мен инфрақұрылым жүйелеріне қатысты өзекті мәселелерді көтерді.

Елдімекен аумағында инженерлік жүйелерді талапқа сай жүргізуде, қоғамдық көліктердің жұмысын жүйелеуде кейбір жер учаскелерін мемлекет мұқтажына қайтару қажеттілігі туындап отыр. Жауаптыларға бұл бағыттағы жұмыстарды заң талаптарына сәйкес жылдам жүргізу тапсырылды.

Қала әкімі Түркістан шағын ауданына барып, тұрғындардың өтініштерін тыңдады. Жергілікті халық мектеп тапшылығы, канализациялық жүйелерді жүргізу, қосымша автобустарды қарастыру бойынша ұсыныстарын жеткізді. Ғабит Әбдімәжитұлы азаматтардың ұсыныс-тілектерін ескере отырып, халыққа қолайлы жағдай жасауда жауаптыларға нақты тапсырмалар берді.

Биыл Айқап көшесіне 6,154 шақырым кәріз құбыры тартылады. Құрылыс осы жылдың көктемінде басталып, 2025 жылдың III тоқсанында аяқталады. Нәтижесінде 2080 үй орталықтандырылған канализациялық жүйеге қосылады.

Сондай-ақ қала басшысы Ғ.Іляев көшесіндегі № 17 «А» көпқабатты үйдің қазіргі жағдайын бақылап, тұрғындарымен кездесті. 1965 жылы салынған 5 қабатты тұрғын үйде 300-ден аса халық тұрады. Үй қабырғаларының  зақымдалуына байланысты сейсмонығайту жұмыстарын жүргізу қажеттілігі туындап отыр. Құрылыс жұмыстарын бастау үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленген, қазіргі уақытта сараптама қорытындысы алынған.

Қала басшысы халыққа қолайлы жағдай жасап, сейсмонығайту шараларын талапқа сай биыл атқаруды міндеттеді.

ПІКІР ЖАЗУ