Елімізде көлік бағасы тағы арзандады

2023 жылдың қараша айының қорытындысы бойынша, автокөліктің орташа бағасы 2,3 пайызға төмендеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазақстан автокөлік одағының дерегіне сүйенсек, жыл басынан бері қазақстандық дилерлер 175 255 көлік сатқан.

Қарашаның соңында Қазақстанда автокөліктің орташа бағасы 14 млн 810 мың теңгеге дейін төмендеген. Бұл жағдай елдегі автокөлік саудасының артуына оң әсер етпек.

Қарашада Қазақстанда 17 538 жеңіл, сондай-ақ 1 429 жүк көлігі мен автобус сатылды. Бұл 2022 жылғы қарашамен салыстырғанда 54,1%-ға артық.

2023 жылғы қарашадағы жағдай бойынша Қазақстанда ең көп сатылған автомобиль брендтері Chevrolet (4 243 автомобиль, жылына +35,7%), Hyundai (3 605, +16,9%), Kia (2 101, +22,3%), Toyota (1 252, +79,4%) және Chery (1 218, +58,8%) болды. Қарашадағы ең танымал модельдер Chevrolet Cobalt, Hyundai Tucson, Chevrolet Onix, Hyundai Santa Fe және Chery Tiggo 2 болды. 2023 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша, сату рекорды Hyundai брендіне тиесілі (42 038 автомобиль), екінші орында – Chevrolet (40 011), үшінші орында – Kia (23 070).

ПІКІР ЖАЗУ