Түркістан облысында есірткіге қарсы күрес жұмыстары қарқынды
Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының міндетін атқарушы Амангелді Бурханов мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, өңірде есірткінің заңсыз айналымына қатысты 531 дерек анықталған. Оның ішінде 282-і —қылмыс болса, 249-ы —теріс қылықтар. Сонымен қатар, заңсыз айналымнан 1 тонна 322 келі есірткі заттары тәркіленген.
«Жыл басынан бері есірткінің заңсыз айналымына қарсы қылмыстарды анықтау мен нашақорлыққа қарсы профилактикалық іс-шараларды күшейту мақсатында бірқатар іс-шаралар атқарылды. Нәтижесінде 10 тұлға құрықталып, 4 қылмыстық іс және 6 теріс қылықтар тіркелді. Бүгінде «Трамадол» дәрілік-препараты «психотроптық заттардың» қатарына енгізілгеннен бастап полиция қызметкерлерімен 34 қылмыс тіркелді. Жалпы 1 149 пластина, 1 368 таблетка мен 20 капсула айғақты зат ретінде алынды. Осы ретте Түркістан облысының полицейлері есірткі қылмысына қарсы іс-қимылдар мен шараларды жүйелі түрде жүргізіп, есірткіге тосқауыл болу мақсатында өз жұмысын жалғастырып жатыр»,- деді Амангелді Сәпиұлы.
Сонымен қатар, есірткіге қатысты қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды анықтау мақсатында ғаламтор кеңістігінде мониторинг жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, хабарлама жіберу арқылы психобелсенді заттардың жарнамасын тарату фактілерін анықтау жұмыстары да қолға алынған. Нәтижесінде синтетикалық есірткі таратқан 70 ақпараттық сайт бұғатталған. Бұдан бөлек, профилактикалық іс-шаралар барысында есірткіге тәуелді тұлғалардың саны 321-ден 301-ге төмендеген.