Жетісай: «Кітап – amanat» партиялық жобасымен «Miras» кеңесінің көшпелі отырысы өтті

Мемлекет басшысының қоғамдық тірегі болған «AMANAT» партиясы өз деңгейінде ұлттың зияткерлік дамуына жан-жақты қолдау көрсетуде.

Елдегі зиялы қауым ортасын кеңейту қажеттігінің стратегиялық маңызын түсіне отырып, «AMANAT» партиясы Саяси тұғырнамасы мен Сайлауалды бағдарламасында жаңа идеяларға ашық, креативті, ойы ұшқыр және өздерінің білімі мен дағдыларын үнемі жетілдіруге талпынатын азаматтарға жүйелі қолдау көрсетуді көздейді.

Бұл тұрғыдан қазақстандықтардың зияткерлік және шығармашылық капиталын дамытуға бағытталған жаңа «КІТАП – AMANAT» партиялық жобасы Жетісай ауданында да жүзеге асуда.

Партияның Жетісай аудандық филиалының ғимаратында «Кітап – АМАNАТ» мәдени-ағартушылық орталығы ашылып, халыққа белсенді қызмет көрсету ісін жүргізуді қолға алды. Идеологиялық жүктемесі ауқымды бұл бастама арқылы тұрғындардың әдеби танымын кеңейту, оларды баспадан шыққан қазақ тілді жаңа кітаптармен таныстыру, тұрғындардың сапалы әдебиетке қол жеткізуіне жәрдемші болу міндетін атқаруды көздейді. Сондай-ақ, партия ашқан алаңда отандық әдеби ортамен, кітап авторларымен, баспагерлік ұйымдардың өкілдерімен жүздесулер өтіп, көркем және балалар әдебиеттерінің, танымдық кітаптардың, ғылыми публицистикадағы соңғы жаңалықтардың таныстырылымдары, шығармашылық кездесулер тұрақты түрде өткізілетін болады.

Айта кету керек, партия ұйытқы болып отырған «Кітап – АМАNАТ» жобасы Мемлекет басшысының Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда өскелең ұрпақтың тәрбиесі мен біліміне, ұлттық мүддеге сай келетін кітаптар басып шығаруға байланысты айтқан мағыналы ұсыныстары негізінде қолға алынған. Халық арасында кітап оқу мәдениетін дамыту жөнінде Қазақстан Республикасының Президенті айтқан басымдықтарды нақтылы іске асыруда «АМАNАТ» партиясы осы санаттағы мәдени-ағартушылық орталықтарын партияның барлық өңірлік филиалдарында ашып отыр.

Жетісай қаласында жұмысын бастағалы тұрған орталықтың ашылуына аудан әкімі Серік Мамытов пен «АМАNАТ» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының міндетін атқарушы Қалыйма Жантөрева, «Turkistan Media Holding»-нің басқарушы директоры Тельман Бейсенов пен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Сондай-ақ, «Ұлттық жоба» аясында әрекет ететін партияның облыстық филиалы жанындағы мәдениет пен өнерді қолдау жөніндегі «MIRAS» кеңесінің көшпелі отырысы өткізіліп, шекаралас ауданның мәдениет саласындағы өзекті мәселелері қаралып, аудан әкімінің орынбасары Серік Пірімбековтың күн тәртібіндегі мәселе бойынша хабарламасы тыңдалды.

Айтылған ұсыныстар мен атқарылар істердің жоспарлары бойынша жергілікті партия мүшелерінің, ауданға белгілі азаматтардың және мәдениет жанашырларының ой-пікірлері талқыланды.

ПІКІР ЖАЗУ