Шардара: «Деструктивті діни ағымдардың алдын алу» тақырыбында дөңгелек үстел
Шардара қаласында орналасқан «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» ғимаратының мәжіліс залында аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен ауданда дін саласындағы діни тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында NEET санатындағы жастармен «Деструктивті діни ағымдардың алдын алу», – тақырыбында дөңгелек үстелге аудан әкімінің орынбасары, аудандық ақпараттық – түсіндіру тобының жетекшісі Б.Шомпиев, аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы А.Оспанов, әдіскер теолог маманы А.Данияров, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директорының орынбасары М. Мұсабеков қатысты.
Шардара аудан әкімінің орынбасары, аудандық ақпараттық – түсіндіру тобының жетекшісі Б.Шомпиев: Деструктивті діни ағым ықпалына түскен адам кінәлі, әлденеге мазасызданған, топқа тәуелді, сәби тәрізді қауқарсыз кейіпте болады. Деструктивті діни ағымның жаңа мүшесі дербестігін, өз бетінше шешім қабылдау және сыни пікірлер айтып, өз көзқарасын білдіру қабілетін мүлдем жоғалтады. Халықта «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың», – деп бекер айтылмаған. Қазіргі таңда осы талап – тілегін қанағаттандыра алмай, жат ағымдардың жетегінде кету сияқты көріністер орын алып жатыр. Күні кеше аудандық мәдениет үйінде Жұмат Шанин атындағы драма театрдың қызметкерлерінің орындауында «Құрық» және «Тор» театрландырылған қойылымы көрермендердің көңілінен шығып, өте әсерлі көрініс болғанын тілге тиек етті.
Шардара аудандық ішкі саясат бөлімінің әдіскері, теолог маманы А.Данияров: Дінімізді бұрмалап әртүрлі жаңалықтарды енгізіп, дінімізден, тілімізден, ділімізден, мәдениетімізден, қазақты қазақ етіп көрсететін салт – дәстүрімізден, ұлттық құндылықтарымыздан айырып, халық арасында араздық, дұшпандық, жеккөрушілік, тасбауырлық тудырып, ынтымағынан, бірлігінен айырып, ұмыттырғысы келгені, түрлі ағымдардың өте белсенді түрде жұмыс жасап жатқандығын айтып, халқымыздың салт – дәстүрлері, әдет – ғұрыптарының жас ұрпақты тәрбиелеудегі маңызына тоқталды. Жастар тарапынан қойылған сұрақтарға тұщымды жауаптар берілді.
Кездесу соңында Түркістан облысы дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ – нің теолог мамандары дайындаған «Псевдосәләфилік және оған қарсы иммунитет», «Дәстүрлі құндылықтар», «Деструктивті діни ағымдардың алдын алу» кітапшалары таратылды.