Келесте халықтық театрлар фестивалі өтуде

Театр – жаныңа сәуле ұялатып, кеудеңе ізгілік нұрын құятын шырайлы шаңырақ. Содан да болар, «сахнаның киесі бар» деген сөз текке айтылмаса керек. Қоғамның күнгейі мен көлеңкесін, дағдарысы мен дамуын, қиыншылығы мен қызығын осы бір театр деп аталатын әдемі әлемнен көре аласыз.

Осы орайда Келес ауданында құрылғанына 45 жыл  болған «Келес» халық театрының мерейтойы аталып өтуде. «Театр – өмір айнасы» атты облыстық халықтық театрлар фестивалі ұйымдастырылып, Түркістан облысының аудан, қалаларынан келген халықтық театрлар түрлі қойылымдарды сахналауда.

Тағылымы мол рухани кеште театр ұжымын Келес ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Даурен Сариев арнайы құттықтап, қажымас қайрат, табыс тіледі. Театрдың өткені мен бүгініне кеңінен тоқталып, ондағы өнер саңлақтарының ұлт мәдениетінің дамуына қосқан қомақты үлесін ерекше атап өтті.

–  Кез-келген ұлттың руханиятын, мәдениетін қалыптастыратын ең ұлы өнер додасы – театр сахнасы. Театр саласының қызметкерлері тынымсыз еңбек пен қажымас қайраттың арқасында әр түрлі деңгейдегі байқаулардан жүзден жүйрік шығып, алдыңғы орындардан көрініп Түркістан облысын жер жаhанға паш етіп мәртебесін биіктетіп келесіздер. Осы киелі өнердің жолында тер төгіп жүрген әріптестердің қызметі- жауапты. Шеберліктеріңіз теңдессіз биікке өрлей берсін, еңбектеріңізге деген қошемет, құрмет таусылмасын, әр жаңа қойылым биік белестерге бастап, әр сомдаулы рөл көрермен ұмытпас зор қошеметке бөленсін.  Шығармашылық табыс, аудан, қалалардан келген қатысуышларға сәттілік тілеймін, – деді Даурен Сариев.

Жиынға келген көпшілік алдымен фестивалдің ашылу салтанатына қатысып,  45 жылдық тарихы бар театрдың өткенінен сыр шертетін көрмемен танысты. Сонан соң көрермендер үлкен залға кіріп, Келес халық театрының «Бейуақ» драмассын тамашалады. Қойылымнан ерекше рухани әсер алған көпшілік, орынан тұрып қол соғып өнер ұжымына ерекше құрмет көрсетті.

Атап өту керек биыл Келес халық театрының құрылғанына 45 жыл. Осы жылдар ішінде Келес халық театрының ұжымы облыстық, республикалық байқауларда көптеген жүлделі орындарды бағындырды. Театр құрамы жаңарды, заман талабына сай жасақталды. Аға буынның салған сара жолын жалғап келе жатқан театр ұжымы ауданның әлеуетін арттыруда халықты өрелі өнермен сусындатып, рухани байлықты толықтыруға және игі дәстүрлерді жалғастыруда аянбай еңбек етіп келеді.

ПІКІР ЖАЗУ