Түркістан: Төлебиде 30 жас тұрғын 2,5 пайызбен несие алып, кәсіп ашқан
Төлеби ауданында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы жастарға жеңілдікпен шағын несие беру тетігі іске қосылған. Жаңадан кәсіп бастағысы келетін яки кәсібін кеңейтуге ниетті жастарға 2,5 пайызбен несие беріліп, аталған жеңілдікке қол жеткізген 30 жас кәсіпкер ауданда өз кәсібін бастаған.
Бұған қоса, жаңа бизнес идеясын жүзеге асыру үшін 90 азамат «Бастау бизнес» арқылы қайтарымсыз грантқа ие болса, оның 32 -сі жастар. Мемлекет қамқорлығымен кәсібін бастаған жастардың бірі – Сапармұрат Орал. Кәсіпкер 2,5 пайыздық микрокредитке алғашқылардың бірі болып өтінім беріп, бизнес жоспар құрып, қазіргі таңда спорттық тауарлар жабдықталған өз дүкенін ашқан.
Кәсіпкер өз дүкеніне сұранысқа сай, кездесе бермейтін спорттық бұйымдарды арнайы Қытайдан тапсырыспен алдырады. Спорттық дүкенде салауатты өмір салтын өзіне серік еткендер қажетті барлық заттар бар.
Аудан аумағында тек спорттық жабдықтарға негізделген алғашы дүкенге деген сұраныс та артып келеді. Кәсібін кеңейтуді жоспарлаған кәсіпкер Қытай елімен тауар байланысын күшейтуді жоспарлағанын айтты.