Түркістан: аппарат басшысы тұрғындардың мәселесін тыңдады

Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов кезекті рет облыс тұрғындарын өзі жетекшілік ететін салалар: Дене шынықтыру және спорт, Цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер, Дін істері басқармаларына қатысты мәселелер бойынша жеке қабылдап, өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Тұрғындардың басым бөлігі спорт саласына қатысты мәселелерді көтерді. Сонымен қатар кездесу барысында жұмыс мәселесі, жеке құқықты қорғау және коммуналдық мәселелер де қозғалды.

Мәселен, түркістандық спорт жанашырлары Шахмат федерациясы жөнінде ұсыныстарын жеткізсе, облысқа танымал спортшы жекпе-жек спортынан турнир өткізуге қаржылай қолдау көрсетуді, қазақ ұлттық спортын, оның ішінде, ат спортын дамыту бойынша ұсыныстарын жеткізді.

Түркістандық тағы бір тұрғын жұбайының жұмыс орнын жекеменшік балабақшадан мемлекеттік балабақшаға ауыстыру туралы өтінішін айтты. Өтініш иесіне Қазақстан Республикасы Еңбек кодексіне сәйкес, ауысу тәртібімен жұмыс орнын ауыстыру тек мемлекеттік мекемелер арасында ғана жүргізілетіндігі, яғни жекеменшік балабақшадан мемлекеттік балабақшаға ауысу тәртібімен жұмыс орнын ауыстыруға болмайтындығы айтылды. Сонымен қатар мемлекеттік мекемелерде бос жұмыс орнына интернет және ақпараттық жүйелер арқылы конкурс өткізу туралы хабарландыру жарияланатындығы айтылды.

Бәйдібек ауданының тұрғыны спорт мектебінің жанынан жатақхана салуды ұсынса, бәйдібектік жастар Алғабас елді мекенінен жабық стадион салуды және көшелерді жарықтандыруды сұрады. Спорт мектебі жанынан жатақхана салу ұсынысы облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы тарапынан қаржы тапшылығына байланысты қолдау таппаған. Ал жабық спорт алаңшасын салу бойынша бюджетке ұсыныс жасалатын болса, көшені жарықтандыру мәселесі кезең-кезеңімен шешімін табады.

Кентаулық зейнеткер көшедегі арықты ашуға, жасанды жол кедергілерін орнатуға көмек көрсетуді сұрады. Бұл мәселе бойынша аппарат басшысы жауапты сала басшысы мен Кентау қаласының әкіміне тұрғынмен бірге барып, дер кезінде шешуді міндеттеді.

Еркеғали Әлімқұлов жауапты сала басшыларына көтерілген мәселелер бойынша зерделеу жұмыстарын жүргізіп, заң аясында шешім қабылдауды тапсырды. Ең алдымен кезек күттірмейтін мәселелер бойынша жұмыстар жүргізіліп, орындалу барысы басшылық бақылауында болады.

ПІКІР ЖАЗУ