Ордабасы: жас спортшылар әлемдік додада ел намысын қорғап, 12 медаль жеңіп алды

24-26 қараша күндері аралығында Алматы қаласындағы «Sadu Arena» спорт кешенінде киокушинкай–кан каратэден балалар мен жасөспірімдер арасында өткен Әлем чемпионатында Ордабасы спортшылары 12 медаль жеңіп алды.

Әлемнің 33 елінен 700-ге жуық спортшы қатысқан сайыста  әйелдер 5 салмақта, ерлер 8 салмақта өзара кім мықтыны анықтаған.

Жасөспірімдер, жастар, ересектер, ардагерлер арасындағы «Ката» және «Кумитэ» сайыстарында Қазақстан құрамасы  Ресей, Жапония елдерін басып озып, 29 алтын, 25 күміс, 61 қола медальмен командалық есепте I орынды иеленген.

Ал, чемпионатқа Ордабасы ауданынан барған аудандық №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері 8 алтын, 2 күміс, 2  қола жүлдені қоржынға салған.

Атап айтап болсақ, 7-8 жас қыздар арасында Т.Солевьёва, 11-12 жас қыздар арасында Е.Абдурахман, 13-14 жас ұлдар арасында А .Жарықасын, Ұ.Ержігіт, С.Қабылбек, 22-35 жас ұлдар арасында Ө.Кеңес, Н.Аман, О.Қаблан алтыннан алқа тақса, 11-12 жас арасында Ката спорт түрінен Р.Мадияр, 17-18 жас арасында ката спорт түрінен  Ж.Дүйсенбай күміс жүлдегер болса, 9-10 жас арасында Д.Абдурашидов, Б.Кеңес қола жүлдегерлер атанды.

Ел намысын қорғап, аудан мерейін үстем еткен жас чемпиондарды жерлестеріміз  ыстық ықыласпен теміржол вокзалынан шашу шашып күтіп алып, аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары рухты әндер шырқап, жеңімпаздарға құрмет көрсетті.

Айта кетерлігі,  аталған спортшылар бұған дейінгі облыстық, ҚР чемпионаттары мен Азия чемпионаттарында жеңімпаз болған.

ПІКІР ЖАЗУ