Ордабасы: ауданның әлеуметтік – экономикалық даму көрсеткіштері жоспарға сай орындалуы тиіс

Бүгін аудан әкімі Азат Оралбаевтың төрағалығымен апталық аппараттық мәжіліс өтті.

Мәжілістің күн тәртібінде бюджет қаржысының атқарылуы және әлеуметтік – экономикалық даму көрсеткіштерінің орындалуы, Еңбек мобильділігі орталығының атқарған жұмысы, қатты тұрмыстық қалдықтарды тастайтын орындардың жағдайы және тасымалдау барысы туралы сала жауаптылары баяндама жасады.

Аудандық Экономика және қаржы бөлімінің басшысы Алтынай Сихымбаева бюджет қаржысының игерілуіне тоқталып, индикаторға кері әсер етіп отырған тамақ өнімдерін өндіруге негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі, құс етін өндіру, ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін ұлағайту, түйе басының, жұмырытқа өндірісінің төмендеуі бойынша нақты мәлімет беріп өтті.

Аудан басшысы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіште бюджет қаржысының уақытылы орындалуы төмен ауылдық округ әкімдеріне ескерту жасап, жыл соңына дейін межелі жоспарды толығымен орындауды міндеттеді.

Аппараттық жиында «Еңбек» мобильді орталығының атқарған жұмысы бойынша аталған орталық директоры Қарлыға Әбітаева баяндап өтті.

Орталық басшысы аудандағы жұмыспен қамту саласындағы атқарылған жұмыстармен қатар бірнеше өзекті мәселеге тоқталды. Мәселен, өңірлік жұмыспен қамту картасында бекітілген инфрақұрылымдық  жобалардағы жұмыс орындарының ашылуын және жұмысқа орналасқан азаматтарға міндетті зейнетақы жарнасының тұрақты аударылуын қамтамасыз ету мәселесі де күн тәртібіне көтеріліп, «Жастар практикасы», «Алағашқы жұмыс орны» жобалары бойынша  жылдық жоспарға сәйкес жастарды жұмыспен қамту шараларына  жолдауды қамтамасыз ету бойынша да маңызды мәселені ортаға салды.

Өз кезегінде аудан әкімі жұмыссыздық деңгейін төмендету, тұрғындарды жұмыспен қамтуда мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдалану жағына баса мән беруді айтып өтті.

Апталық мәжілісте аудандық Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Арман Искаковтың ауылдардағы қоқыс полигондарының  қазіргі жағдайы бойынша есебі тыңдалды.

Аудан әкіміне есепті баяндамасында бөлім басшысы аудан бойынша 57 елді мекеннің тек 22 елді мекенінде тұрмыстық қатты қалдықтарды тасымалдаумен айналысатын мердігер мекемелер бар екендігін айтты. Ал, қалған 35 елді мекенде бөлім тарапынан ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде.

Ауыл-елді мекендердің тазалығы бойынша бөлім басшысының есебінен соң аудан әкімі Шұбар, Бөржар, Бадам, Қараспан сынды бірнеше ауылдарда тұрмыстық қатты қалдықтар уақытылы тазаланбай, белгіленген орындарға төгілмей жатқандығын айтып, ауыл әкімдерінің жұмысына сын-ескертпе жасады.

Сондай-ақ апталық мәжілісте жылу беру маусымының барысы, «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылуы, азаматтарды әскер қатарына шақыру, мерзімді басылымдарға жазылу, облыс, аудан әкімінің жеке қабылдауында көтерілген мәселелердің орындалуы бойынша сала жауаптылары аудан әкіміне мәлімет берді.

Аудан әкімі Азат Әбдіғалиұлы жиын соңында жоғарыда аталған мәселелерді бірлесе отырып орындап, жыл қорытындысымен ауданды жақсы көрсеткішке жеткізу үшін жұмыс істеуге шақырды.

ПІКІР ЖАЗУ