Келестіктер «Ауыл аманаты»-ның шарапатын көруде

Келес ауданына қарасты Ақтөбе, Қошқарата, Біртілек және Ошақты ауылдық округтері «Ауыл аманаты» бағдарламасына енгізілді. Осы күнге дейін «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5% мөлшерлеме бойынша несие беру жұмыстары жүргізіліп келді. Нәтижесінде жергілікті тұрғындар кәсіп бастап, табысын еселеуде. Солардың бірі – Ақтөбе ауылдық округінде «Мұхан-2023» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі. Аталған кооперативтың мүшесі Көкбұлақ елді мекенінің тұрғыны  Қадірбек Мұханбет Жасарбекұлы  5 млн теңге несие алып, мал шаруашылығының сүтті бағыты бойынша кәсібін жүргізуде.

– Президентіміздің бастамасымен қолға алынған «Ауыл  аманаты» жобасы ауыл тұрғындарының кәсіп бастауына таптырмас мүмкіндік екен. Тиімділігі, жылдық мөлшерлемесі 2,5%-ды құрайтын жеңілдетілген несие. Бағдарламаға қатысып, 5 млн теңге көлемінде несие алдым. Алған қаражатыма Қостанай қаласынан 10 бас сауынды сиыр сатып алып, мал шаруашылығының сүтті бағыты бойынша кәсібімді бастадым, – дейді кәсіпкер.

Кәсіпкердің айтуынша, несиенің пайызы мен өтеу мерзімі өте қолайлы, сонымен қатар табысқа кенелуге зор мүмкіндік екеніне көз жеткізіпті. Кәсіпкер енді сүтті мал басын көбейтетін, ауылдастарын азаматтарды тұрақты жұмыспен қамтитынын жеткізді. Айта кетейік, Келес ауданында биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасы  аясында 4 өндірістік кооперативі құрылып, 496 азамат 4 округтен қызығушылық танытты. Оның ішінде 235 жоба мақұлданып, 152 жоба қаржыландырылды.    

ПІКІР ЖАЗУ