Келес: өзекті мәселелерді шешу бағыты пысықталды

Келес ауданы әкімі аппаратының басшысы Бақтияр Абдрахмановтың төрағалығымен жиын өтіп, аудан аумағындағы өзекті мәселелерді шешу бағытындағы жұмыстар пысықталды. Аудандық дербес бөлім басшылары мен ауыл, ауылдық округі әкімдері қатысқан бас қосуда күнделікті кездесетін түйіткілдерді шешу, тазалық, тәртіп, қызметтік көліктерді пайдалану тәрітібі мен ауылшаруашылығы бағытында бекітілген индикаторлардың орындалуы барысындағы өзекті мәселелер айтылды.

– Ең алдымен тәртіп. Тәртіпсіз ешқандай ісіміз өнбейді. Әрбір жоспарлы жұмысымызды толық аяқтау елдің алдындағы абыройымызды арттырары сөзсіз. Сондықтан берілген тапсырмаларыды сапалы атқаруға күш салу қажет. Сонымен қатар жұмыс және жұмыстан тыс уақытта әдеп нормаларын қатаң сақтап, қызметтік көліктерді жеке мақсатта пайдаланбауға баса мән беріледі. Облыс, аудан басшылары тарапынан берілген тапсырмалардың орындалуы қатаң қадағалауда болады, – деді аппарат басшысы.

Жиын барысында аудан орталығы мен елді мекендерде орын алып жатқан ретсіз сауда мәселесі де талқыланды. Абай ауылында орналасқан Әуес және Аззие сауда орындарының маңындағы ретсіз сауданы жою, қалпына келтіру тапсырылды. Сонымен қатар, жыл басында бекітілген ауылшаруашылығы саласындағы көрсеткіштерге кері әсер еткен бірінші басшыларға ескерту берілді.

ПІКІР ЖАЗУ