Түлкібас: құрылыс салу шекарасының нормасын сақтамаған тұлғаларға қатаң шара қолданылатын болады

Аудан әкімі Нұржан Ізтілеуов тиісті орынбасары, жауапты мамандар, округ әкімдері және полиция бөлімінің жауапты өкілімен аудан аумағындағы Заң нормаларын сақтамай, қызыл сызыққа шығып кеткен нысандарды ретке келтіру бойынша жиын өткізді. 

Өздеріңізге белгілі, Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы Заңына сәйкес, кез-келген құрылысты салу бекiтiлген бас жоспарлар негiзiнде жүзеге асырылуы тиіс.

Жалпы айтқанда, елді мекендердің бас жоспары жер учаскелерін игеру кезеңінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен бекiтiлген қала құрылысы нормасына сай болуын көздейтін құжат болып табылады.

Солардың ішінде ерекше атап өтетін қала құрылысы талаптарының бірі, ол құрылыс салуды реттеу шекарасы – қызыл сызық нормасы.

Қызыл сызық – елдi мекендердi жоспарлау құрылымындағы кварталдардың, шағын аудандардың, өзге элементтердiң аумағын көшеден (жолдардан, алаңдардан) бөлiп тұратын шекара. Әдетте қызыл сызық құрылыс салу шекарасын реттеу үшiн қолданылады.

Жиын барысында аталған бағыттағы өзекті мәселелер талқыланып, орталық базарды кесіп өтетін жаяу жүргіншілердің жолының бойындағы қызыл сызықтан шығып кеткен нысан иелеріне, тез арада ретке келтіру бойынша жазбаша ескерту берілетін болды. Егерде, кәсіпкер ескерту хатта белгіленген мерзімде нысанды Заң нормаларына сәйкестендірмесе, онда Заң талаптарына сай жазаланады.

Аудан басшысы жауапты орынбасарына осы бағыттағы жұмыстарды өз бақылауында ұстауды тапсырып, аудан аумағындағы заңсыз құрылысты жою мақсатында нақты тапсырмалар жүктеді.

Сонымен қатар, Нұржан Жақсылықұлы Састөбе, Түлкібас кенті мен Балықты ауылдық округінің әкіміне елді мекен шегінде инфрақұрылым тартылған жерлердің құжаттарын толық реттеп, жер кезегінде тұрған азаматтарға таратуға дайындауды тапсырды.

ПІКІР ЖАЗУ